Экология министрлігінде сарапшылар су ресурстарын басқару мәселелерін талқылады

Экология министрлігінде сарапшылар су ресурстарын басқару мәселелерін талқылады

«Бүгін су шаруашылығы ардагерлерінің, ғалымдардың, Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының Ғылыми-зерттеу орталығының, География және су қауіпсіздігі институтының, Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өкілдерінің қатысуымен су ресурстарын дамыту мәселелерін талқылау бойынша кездесу өткіздім», - деп жазды Экология министрі С.Брекешев өзінің Твиттер парақшасында.

«Су ресурстарын басқару мәселелері бүгінгі күні ең өзекті жаһандық мәселелер қатарына кіреді. Қазақстанға су ресурстарының жартысына жуығы республикадан тыс елдерден келеді. Сондықтан, аталған мәселелерге баса назар аударылады және бұл жайттар үнемі бақылауда болады», - деп атап өтті министр кездесу барысында.

Су шаруашылығы жағдайын талдау барысы қазіргі уақытта су шаруашылығы бассейндері арасындағы су ресурстарында жүктеменің сәйкессіздігі байқалатынын көрсетеді. Қазақстандағы сегіз су шаруашылығы бассейнінің жетеуі трансшекаралық.  

Сондай-ақ, С.Брекешев суару желісінің әбден тозғанын, суару кезінде судың 40%-дан астамы ысырап болатынын атап өтті. Бұл суды үнемдеуде экономикалық ынталандырудың жоқтығы суды тиімсіз пайдалануға алып келгенін көрсетеді.

Талқылау барысында келесідей ұсыныстар айтылды:

- Мемлекетаралық су мәселелерін Үкімет деңгейінде қарастырып, су кеңесін құруға жеткізу;

- су ресурстары мен шаруашылығы мәселелері жөніндегі Ғылыми орталықты құру;

- су саласын басқару құрылымын өзгерту.

Жиынға қатысушылар министрліктің бастамасын қолдады әрі өз ұсыныстарын да жеткізді.