Қазақстан табиғатты қорғауға баса мән береді - Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан табиғатты қорғауға баса мән береді - Қасым-Жомарт Тоқаев
Бүгін – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің маңыздылығы туралы өз Twitter парақшасында жазды.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылды экология жүйесін қалпына келтіруге арнамақ. Қазақстан табиғатты қорғауға баса мән береді. Біз «жасыл бастамаларды» жүзеге асырып, нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін»,- деп жазды Президент.
ҚР Экологи, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев саладағы мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бүгін сонымен бірге Қазақстанның экологтарының кәсіби мерекесі. Аса актуалды, күрделі салада еңбек етіп жатқан әріптестерді, ардагерлерді мерекемен құттықтап, істеріне табыс, денсаулық тілеймін. Осы күні экологиялық проблемаларға әлем назарын аудару үшін түрлі шаралар ұйымдастырылады. Біз «Бірге таза Қазақстан» тазалық акциясын дәстүрге айналдырдық»,- деп жазды министр Twitter парақшасында.
Айта кетейік, Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күнінің биылғы тақырыбы - «Қайта ойлану. Қайта құру. Қалпына келтіру».
«Барша отандастарды «қайта ойланып», табиғат байлықтарын үнемді пайдалануға, жануарлар мен өсімдіктерге жанашырлық танытуға, айналаны таза ұстап, экологиялық өмір салтына ұстануға шақырамын»,- деді Мағзұм Мырзағалиев.