Қазақстанда 119 су каналы цифрландырудан өтеді

Қазақстанда 119 су каналы цифрландырудан өтеді
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су саласының өкілдері «Атамекен» телеарнасының тікелей эфирінде су тапшылығын азайтуға бағытталған шараларды талқылады.
Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Сембай Сейсенов суды көп қажет ететін дақылдар егістігін азайту керектігін алға тартты.
«Қазақстанда суармалы жерлерге қажетті судың көп бөлігі трансшекаралық өзендерге байланысты. Жыл сайын көршілес елдерден келетін сулардың азаюына байланысты мемлекеттік бағдарламалар аясында жүйелі жұмыс атқаруымыз керек»,- деді ол.
«Жергілікті атқарушы органдар күріш егетін шаруаларға су тапшылығы мәселесін түсіндіруі керек. Су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда Қызылорда облысында - 15 мың , Алматы облысында 10 мың , Түркістан облысында 4 мың гектарға азайту қажеттілігі туып тұр. Басқа дақылдарды егуге көшу қажет. Бұл бір куб километр суды үнемдеуге мүмкіндік береді»,- дейді Сембай Сейсенов.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров өңірде егістікке арналған 178 мың гектар жердің 159 мың гектарын күріш алқаптары алып жатқанын айтады. Оның сөзінше, облыста тиісті шаралар жедел атқарылмаса, су проблемасы жыл өткен сайын күрделене береді.
«Өткен жылы 89 мың 500 гектарға күріш егілген. Биыл соны 84 мың 400 гектарға азайтуды жоспарлап отырмыз. Меморандум бойынша 75 мың гектарға дейін қысқару керек еді. Сонымен қатар су тапшылығының алдын алу мақсатында жаңбырлатып суару, тамшылатып суару мәселелерін қолға алып жатырмыз. Жаңбырлату әдісімен 67 мың гектарға жүгері, 10 мың гектарға жоңышқа, тамшылату әдісімен 3 мың гектарға қызанақ егу жоспары бар»,- деді ол.
«Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры Қазыбек Бедебаев облыста тамшылатып суару әдісіндегі егістіктер алқабын биылғы 20 мың гектардан 50 мың гектарға жеткізу жоспарланып жатқанын жеткізді.
Эфир барысында Су ресурстары комитетінің төрағасы аталған шаралардан бөлек елдегі 119 су магистарльдік каналдарын қайта жөндеуден өткізіп, цифрландыру технологиясын енгізу жоспары бар екенін де айтты.
Еске салайық, 22 желтоқсанда ҚР Үкіметінің отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 2020 жылдың вегетациялық кезеңінің қорытындылары туралы баяндама жасап, су тапшылығын болдырмаудың нақты амалдарын ұсынған.