Қазақстанның Экология министрі су тапшылығын болдырмау амалдарын ұсынды

Қазақстанның Экология министрі су тапшылығын болдырмау амалдарын ұсынды

Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 2020 жылдың вегетациялық кезеңінің қорытындылары туралы баяндама жасады. Оның сөзінше, биыл бріқатар өңірде қиындық туғанымен, суару маусымы сәтті аяқталған.

«Соңғы үш жылда Қазақстан су аз цикліне кірді. 2019 жылы өзен ағысының жалпы көлемі 83 км3-ді құрады. Бұл орташа көп жылдық көрсеткіштен 20%-ға аз. Айта кету керек, республика бойынша пайдаланылатын судың 97%-ы оңтүстіктегі төрт облысқа тиесілі. Республика бойынша пайдаланылған судың нақты көлемі 13,3 км3 –ді құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1 км3-ге артық. Биылғы вегетациялық кезең тұрақты өтті. Дегенмен де өте шиеленісті болды», - деді Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында.

Облыстардағы вегетациялық кезеңге жеке-жеке тоқталған министр биыл Алматы облысында қар жамылғысы өткен жылдармен салыстырғанда 35%-ға аз болғанын айтты.

«Іле өзенінің ағындылығы екі-үш есеге азайды. Ал суармалы жерлердің ауданы 2019 жылмен салыстырғанда 11%-ға ұлғайды. Жоғарыда аталған факторларға қарамастан, жалпы вегетация сәтті өтті деп айтуға болады. Күріш алқаптарына облыс бойынша пайдаланылатын судың 10%-ы немесе жылына 350 млн.м3 су жұмсалады. Осыған байланысты күріш егісін қысқарту қажет деп санаймыз»,- деп атап өтті министр.

Жамбыл облысында да орташа су көлемі жылдық деректерден он бес-жиырма пайызға төмен болған. Дегенмен вегетациялық кезең тұрақты өткен. Өңірде «Аз циклды» ескере отырып, біртіндеп ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көшу және су үнемдеу технологияларын белсенді енгізу керек. Түркістан облысында Сырдария өзенінің ағыны 2020 жылы 15%-ға және оның негізгі ресурсы болып табылатын Тоқтоғұл су қоймасының (Қырғызстан) көлемі 2019 жылға қарағанда 2 млрд.м3-ге аз болды. Осыған қарамастан, суармалы суды жеткіліксіз беру фактілері тіркелмеген. Ал Қызылорда облысына жалпы республика бойынша пайдаланылған ағын судың 43%-ы тиесілі болған.

«Жалпы облыс бойынша ағын суға қатысты өте күрделі жағдай байқалды. Сонымен қатар, күріш егістігінің ауданы 90 мың гектарды құрағанын атап өткім келеді. Ал агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамыту бағдарламасына сәйкес егіс алаңы 75 мың гектардан аспауы тиіс», - дейді министр.

Айта кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейін суармалы жер көлемін үш миллион гектарға дейін жеткізуді тапсырған.

«Біздің есептеулерімізге сәйкес, су тұтынудың ағымдағы үрдісі 1,5 млн.га-ға 13,3 км3 көлемінде сақталса, болжамды тапшылық 2030 жылға қарай 11,7 км3-ты құрауы мүмкін.Осыған байланысты, қазірдің өзінде су тұтынуды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет», - деп нақты шаралар ұсынды Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен, біріншіден, су тапшылығын болдырмау мақсатында күріш егісін 29 мың гектарға азайту қажет. (Қызылорда - 15 мың га, Алматы 10 мың га, Түркістан 4 мың га) Бұл бір куб километр суды үнемдеуге мүмкіндік бермек. Екіншіден, кемінде 750 мың гектар алаңда суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұл орташа алғанда 30%-ға дейін суды үнемдеуге септігін тигізеді. Үшіншіден, 6 мың шақырым суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистралдық каналдарда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына 2 км3 су үнемделеді. Аталған қажеттіліктерге 5 жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 млрд.теңге жұмсалады. Төртіншіден, 10 жылда 3,6 км3 көлемінде су жинақтау үшін 39 жаңа су қоймасы салынады. 394 мың гектар жаңа суармалы жер су көзімен қамтамасыз етіледі.

«Жоғарыда аталған іс-шараларды сәтті іске асырған жағдайда шамамен сегіз бүтін оннан сегіз 8,8 км3 суды қосымша шоғырландыруға мүмкіндік пайда болады. Сонымен, ылғал сүйгіш дақылдардың, яғни күріш пен мақта егістік алқаптарын кезең-кезеңімен азайту қажет. Жаңа су қоймаларын салу және каналдардың техникалық жай-күйін жақсарту жөніндегі жобалар жалғастырылатын болады. Суарудың су үнемдеу технологияларын енгізбестен суармалы жерлердің ауданын ұлғайту мүмкін емес. Суармалы суды ұтымды және үнемді пайдалану мақсатында 2025 жылға дейін 119 негізгі каналдарда жаппай цифрландыруды жүргізу қажет. Оңтүстік өңірлердегі трансшекаралық көздерге тәуелділікті назарға ала отырып, жаңа суармалы жерлер сумен қамтамасыз етілген шығыс және солтүстік өңірлерде енгізілуге тиіс», - деп түйді сөзін министр.