«Судың қара нарығына жол жоқ!» чат-боты арқылы Су ресурстары және ирригация министрлігіне 50-ден астам өтініш түсті

«Судың қара нарығына жол жоқ!» чат-боты арқылы Су ресурстары және ирригация министрлігіне 50-ден астам өтініш түсті

Биыл «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Telegram мессенджерінде «Судың қара нарығына жол жоқ!» чат-ботын іске қосты. Бұл шара суару маусымында су ресурстарын әділ бөлуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ «Қазсушар» РМК мен оның филиалдарының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған.

Мысалы, суару маусымы басталар алдында чат-ботқа шаруа қожалығын су беру бойынша электронды шарттар жасасу жүйесіне тіркеуден бас тартылғаны туралы өтініш келіп түскен. Бұл өтініш «Қазсушар» РМК-ның Су пайдалану департаментіне жолданды. Мәселе Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығымен бірлесіп шешілді.

«Чат-бот Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп бекіткен «судың қара нарығын» жою жөніндегі Жол картасы аясында құрылды. Барлық өтініш белгіленген тәртіппен қаралды. Жүйе тұрақты жұмыс істейтінін көрсетті, деректерді қабылдау және беру кезінде ешқандай ақау тіркелген жоқ. Алынған нәтижелер пайдаланушы интерфейсі мен диалогтарды одан әрі жетілдіру барысында ескерілді», - деді «Қазсушар» РМК бас директоры Ануар Өскенбаев.

Чат-ботты іске қосу «Қазсушар» РМК-ның барлық филиалы мен олардың өндірістік учаскелерінде орналастырылған QR-кодты сканерлеу арқылы жүзеге асырылады. Чат-бот мемлекеттік және орыс тілдерінде жұмыс істейді, сондай-ақ анонимді түрде өтініш беруге мүмкіндік береді.