
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауындағы тапсырмаларды орындау шеңберінде Үкімет Солтүстік Аралды қалпына келтіру және Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау бойынша шараларды жүзеге асыруда. Жұмыстар су деңгейін көтеру, биоалуантүрлілікті қалпына келтіру, ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ Арал табанының шөлейттенуіне қарсы шараларды қамтиды.
Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,4 млрд м³ дейін артты
20 жылдан астам уақытта Солтүстік Аралдың аумағы 36%-ға ұлғайып, су көлемі екі есеге жуық артып, 23,4 млрд м³ жетті, ал судың минералдану деңгейі екі есе төмендеді. Сырдария өзені арқылы жыл сайын кемінде 2 млрд м³ су жіберіледі.
Келесі кезең Көкарал бөгетін реконструкциялауды көздейді
Дүниежүзілік банкпен бірлесіп әзірленген жоба аясында су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру жоспарлануда. Алдағы 5-6 жыл ішінде Солтүстік Аралдың аумағын 3,9 мың км² дейін, ал су көлемін 34 млрд м³ дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Аралдың құрғаған түбіндегі орман мелиорациялық жұмыстардың ауданы 1,1 млн гектарға жетті
Теңіздің құрғаған түбіне 3,4 мың тонна сексеуіл тұқымы мен галофитті өсімдіктер егілді, 56,2 млн сексеуіл көшеті отырғызылды. Орман мелиорациялық жұмыстардың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетті. Көшет материалын өсіру үшін жылына 3 млн көшет өндіруге қауқарлы, аумағы 33 гектар орман тәлімбағының құрылысы аяқталды.
Қазақстан Каспийді сақтау бойынша мемлекетаралық ынтымақтастықты күшейтуде
Қазақстан Каспий маңы мемлекеттерімен бірлескен тәсілдерді ілгерілетіп, ғылыми ынтымақтастықты дамытып, бейінді ғылыми-зерттеу институтын құруды жоспарлауда. Теңіз деңгейін тұрақтандыру, биоалуантүрлілікті сақтау, ластанудың алдын алу және мониторинг жүйесін жетілдіру шаралары басты назарда.
Каспий теңізінің тайыздану салдарын бағалау үшін ғылыми деректер мен цифрлық құралдар қолданылады
Жоғары деңгейдегі диалог аясында «Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайында орнықтылықты арттыру» жобасы іске қосылды. Сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп теңіз және жағалау ресурстарын басқару, пластик қалдықтармен ластануын азайту және биоалуантүрлілікті, оның ішінде Каспий итбалығын сақтау бағыттарында жобалар әзірленуде.
Қазақстан трансшекаралық су ресурстары бойынша ынтымақтастықты күшейтуде
Қазақстан барлық көршілес мемлекеттермен трансшекаралық су ресурстары саласындағы құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Былтыр он жылға созылған келіссөздердің қорытындысы бойынша Өзбекстанмен трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару туралы келісімге қол қойылды. Сырдария өзеніндегі су қоймаларының жұмыс режимдерін келісу Солтүстік Аралға, тіпті суы аз кезеңдерде де, судың тұрақты келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Арал бойынша жұмыстар теңізді қалпына келтіруге және шөлейттенуге қарсы күреске, Каспий бойынша ғылыми мониторинг жүргізуге, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және экожүйені сақтауға бағытталған.