
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев жерасты суын игеру және су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бағытында министрлік атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Министрлік Қазақстан Республикасында жерасты суын кешенді пайдалану және басқарудың 2027-2040 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Құжатты іске асыру жерасты суын игеру тиімділігін арттыруға, елді мекендер мен экономика салаларын сумен ұтымды әрі тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ су қорын сақтау мен молайтуға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта тұжырымдама жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Жобаны жыл соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.
Бүгінде Қазақстанда тәулігіне 43,2 млн текше метр пайдалануға жарамды қоры бекітілген жерасты суының 4 803 кен орны мен учаскесі барланған. Ал жерасты суының болжамды ресурстарының жалпы көлемі тәулігіне 176,1 млн текше метр. Бұл барланған пайдалану қорынан төрт еседен астам көп.
2026 жылдың соңына дейін «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметі іздестіру-бағалау жұмыстары бойынша 38 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Ал 2027-2029 жылдары 88 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Бұдан бөлек, ҚР 2024-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында иесіз, суы өздігінен атқылайтын гидрогеологиялық ұңғымалардың санын азайту көзделген. Жыл соңына дейін 10 жоба аясында 54 ұңғыманы жою және Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Ұлытау облысында 698 ұңғыманы тексеру жоспарланып отыр.
«Сонымен қатар бірыңғай цифрлық гидрогеологиялық деректер базасы қалыптастырылып жатыр. Оның аясында бұлақтарды тексеру және қор материалдарын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс Жамбыл облысында басталды. Қазірдің өзінде 586 бұлақ тексерілді. Алдағы уақытта тексеру жұмыстары кезең-кезеңімен еліміздің барлық өңірін қамтиды. Жиналған мәліметтер жерасты суының жай-күйін есепке алу, мониторинг жүргізу және талдау үшін бірыңғай база қалыптастыру мақсатында Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне енгізіледі», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.
Суармалы егіншілікте заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде мұндай технологиялар енгізілген жер көлемі 158,8 мың гектарға ұлғайды. Нәтижесінде олардың жалпы қамту аумағы 702,3 мың гектарға жетті.
Су кодексінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың жеті жыл ішінде айналымды және қайта сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшуі міндеттелген. Қазіргі уақытта мұндай көшу бойынша 191 жоспар әзірленді. Оның 91-і келісу сатысында, ал 278 жоспар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Министрлік азаматтар арасында суды ұқыпты пайдалану мәдениетін насихаттау бағытында да белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. 2025-2026 оқу жылында «Суды үнемде – болашақты сақта!» жобасы аясында мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында су үнемдеу тақырыбына арналған экосағаттар өткізілді. Оған 3,3 миллионнан астам білім алушы қатысты. Мұндай іс-шаралар 2026-2027 оқу жылында да жалғасады.
2024 жылдан бастап «Таза Қазақстан» бастамасы аясында министрлік бұлақтар мен су нысандарының жағалауларын тазарту және абаттандыруға бағытталған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын өткізіп келеді. Бүгінге дейін акция 94 бұлақ пен 62 су нысанын қамтыды. Оған 24 мыңнан астам адам қатысты.