БҚО-да Жайық-Көшім және Жәнібек суландыру және жайылымдарды сумен қамтамасыз ету жүйелерінің тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр

БҚО-да Жайық-Көшім және Жәнібек суландыру және жайылымдарды сумен қамтамасыз ету жүйелерінің тиімділігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі су шаруашылығы нысандарының жұмысымен және ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Ақжайық ауданында министр Киров су қоймасының жұмысын көрді. Еске салайық, биыл маусым айында Тоған ауылында орналасқан гидротехникалық құрылыстарды ауқымды реконструкциялау жұмыстары аяқталып, 63 млн текше метрге дейін су жинай алатын нысан пайдалануға берілген болатын.

Атап айтқанда, Көшім жеткізуші каналы, су қоймасының бөгеті, пайдалану жолы, су тастау құрылысы, сондай-ақ Первомай, Бударин және Киров-Шежін магистральдық каналдарының бас құрылыстары қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар екі бақылау-өткізу пункті салынып, электрмен жабдықтау желілері тартылды.

Киров су қоймасы Жайық-Көшім суландыру және жайылымдарды сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрамына кіреді. Оның су ресурстары тұрақты және лиманды суару үшін, сондай-ақ жайылымдарды суландыру мақсатында пайдаланылады.

Нұржан Нұржігітов Жәнібек магистральдық каналын реконструкциялау жобасымен де танысты. Қазіргі уақытта нысанда ұзындығы 76,3 км болатын учаскелерді, сондай-ақ 38 гидротехникалық құрылыс пен тораптық сорғы станциясын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 90 км-ден асатын Р-1, Р-2, Р-3 және Р-4 тарату каналдары мен олардағы гидротехникалық құрылыстарда да жұмыстар жүргізу көзделген. Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Жәнібек суландыру және жайылымдарды сумен қамтамасыз ету жүйесі 1975 жылы пайдалануға берілген. Оның құрамына бас сорғы станциясы және жалпы ұзындығы 392,4 км болатын 17 канал кіреді.

Бәйтерек ауданында министр Көшім магистральдық каналы мен Шаған өзенінің тармағын механикалық тазарту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстар Жайық-Көшім суландыру және жайылымдарды сумен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жоба бойынша жалпы ұзындығы шамамен 69 км болатын учаскелерді тазалау, кеңейту және тереңдету көзделген. Сонымен қатар су өлшеу станцияларын салу және заманауи су есептеу құралдарын орнату жоспарланып отыр. Каналды тазарту жұмыстарын 2027 жылғы су тасқыны кезеңі басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.

Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов Көшім ауылындағы «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының өндірістік базасына барып, кәсіпорынның техникалар паркімен танысты. Министр филиал басшылығына арнайы техника мен жабдықтарды сенімді әрі тиімді пайдалану үшін жөндеу цехының құрылысын бастауды тапсырды.

«Жыл сайын каналдардың кемінде 30%-ын тазарту қажет. Филиалдың бұған мүмкіндігі бар. Министрлік 50 жаңа арнайы техника бөлді, механизаторлардың жалақысы көтерілді, іссапар шығындары өтеледі. Осы шаралардың арқасында «Қазсушар» РМК техникалық жарақтандырылуы бойынша еліміздегі үлгілі ұйымдардың біріне айналды. Енді отын тасымалдау мәселесін шешу қажет. Әрбір өндірістік учаскеде жанар-жағармай материалдарының өз қоры болуы тиіс», – деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Бәйтерек ауданында су шаруашылығы ведомствосының басшысы Жайық өзеніндегі қалқымалы сорғы станциясының жұмысымен де танысты. Нысанда әрқайсысының өнімділігі секундына 1,66 текше метр болатын сегіз сорғы агрегаты жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Жайық-Көшім суландыру және жайылымдарды сумен қамтамасыз ету жүйесінен Үлкен Өзен өзеніне экологиялық су жіберу жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс биыл қазан айына дейін жалғасады.

Теректі ауданында министр Барбастау өзенінің бойындағы су қоймалары каскадының жұмысымен танысты.

Теректі ауданының Покатиловка, Ұзынкөл, Жаңаөмір және Кемер елді мекендерінің маңында орналасқан нысандар коммуналдық меншіктен республикалық меншікке қабылданды. Қазіргі уақытта төрт су қоймасының барлығын реконструкциялау жоспарланып отыр. Жобалар Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарына енгізілген және олардың әрқайсысы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Барбастау өзенінің бойындағы төрт су қоймасының жалпы сыйымдылығы жоғары қарқынмен толтыру деңгейінде 125 млн текше метрден асады, ал қалыпты су деңгейінде – 48,5 млн текше метр. Реконструкциядан кейін осы нысандардағы суармалы жерлердің жобалық ауданы 40 мың гектарға дейін ұлғаяды.

Орал қаласында Нұржан Нұржігітов Батыс Қазақстан облысының су шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиынға «Қазсушар» РМК жергілікті филиалы мен Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшылары қатысты.

Су шаруашылығы ведомствосының басшысы өңірдің су инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмысты жүйелеуді және «Қазсушар» РМК филиалдары мен министрліктің орталық аппараты арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.

«Барлығымыздың ортақ міндетіміз – тұтынушыларға судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету. Бұл – мемлекет тарапынан шаруа қожалықтарына, мал шаруашылығымен айналысатындарға және кәсіпорындарға көрсетілетін қызмет. Сондықтан оның сапасын арттыру бағытында жұмыс істеуіміз керек. Бізге жүктелген міндеттердің тиісті деңгейде орындалуын қамтамасыз ету үшін су шаруашылығы нысандарын салу, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары көзделген. Алайда бұл жұмыстар жергілікті филиалдар тарапынан мұқият жоспарлауды және тиісті негіздемені талап етеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Отырыстан кейін Нұржан Нұржігітов Орал қаласы аумағындағы Жайық өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл іс-шаралар көктемгі су тасқыны кезінде жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде.

Тасқала ауданында министр «Жайықбай» каналын реконструкциялау жұмыстарымен танысты. Нысанның жалпы ұзындығы 50,5 км, суармалы жерлердің жобалық ауданы – 58,7 мың гектар. Гидротехникалық нысан Киров-Шежін каналы арқылы сумен қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта ұзындығы 33 км учаскені реконструкциялау жұмыстары аяқталды, бес тоған тазартылды, бөгеттер мен су өткізгіш құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар су тастағыштар мен су есептеу құралдарын орнату, дюкер салу және ұзындығы 8,8 км болатын «Жұмалы» каналын реконструкциялау жоспарланған. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тасқын қаупін азайту және елді мекендерді қорғау мақсатында Тасқала ауданында Деркөл өзенінің 7 км учаскесінде арнасын кеңейту және тазарту жұмыстары жүргізілуде. Каналды тазарту жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.