Батыс Қазақстан облысында Үлкен Өзен өзенінде жаңа су қоймасы салынады

Батыс Қазақстан облысында Үлкен Өзен өзенінде жаңа су қоймасы салынады

Орал қаласында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесуі өтті. Кездесуде ведомство басшысы өңірдің су саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Атап айтқанда, Ислам даму банкінің (ИДБ) қолдауымен Казталов ауданында Үлкен Өзен өзенінде су қоймасын салу жобасы басталды. Көлемі 28,4 млн текше метр болатын нысан 12 мың гектар лиманды суаруды қамтамасыз етеді. Ал болашақта бұл аумақты 20 мың гектарға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар ИДБ қолдауымен облыста Бітік су қоймасын және төрт магистральдық каналды реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл жобалар шамамен 28,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік береді. Барлық жобада суды автоматтандырылған есепке алу элементтерін енгізу көзделген.

«Су саласындағы мәселелерді шешу орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, су шаруашылығы ұйымдары мен су пайдаланушылардың бірлескен іс-қимылын талап етеді. Батыс Қазақстан облысында іске асырылып жатқан жобалар суды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге, оның ысырабын азайтуға, ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімдірек суаруға және елді мекендерді су тасқынынан қорғауға бағытталған», - деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Кездесуде Батыс Қазақстан облысының тұрғындары министрге шағын өзендердің тартылуына жол бермеу, су нысандарының ластануын болдырмау және гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Бұдан кейін Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке қабылдап, оның қорытындысы бойынша жауапты комитеттер мен департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берді.