
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Мерлан Керимжанов пен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ақтөре Түймебек өңірдегі вегетация кезеңінің қорытындысын шығарды.
2026 жылы филиал шаруалармен 277,5 мың гектар егістік алқапты суаруға су беру бойынша 12 409 шарт жасасты. Сырдария өзені бассейні бойынша су алу көлемі 2,5 млрд текше метрді, Арыс өзені бассейні бойынша 883 млн текше метрді, ал Келес өзені бассейні бойынша 648 млн текше метрді құрады.
Су тапшылығы қаупінің алдын алу мақсатында филиал 53 сорғы қондырғысын сатып алды. Сондай-ақ Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы К-16Б, К-19 және К-23 каналдарына 4 контейнерлік сорғы станциясы орнатылды. Қолданыстағы сорғы агрегаттарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Түлкібас және Сауран аудандарында каналдардың 1 716,5 шақырымын бетондау, 734 тік дренаж ұңғымасын қалпына келтіру және 1 074 шақырым дренаж желісін тазарту бойынша 33 жоба іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар 215 мың гектардан астам суармалы жерге су беруді жақсартуға бағытталған 72 жоба әзірленіп жатыр.
«Судың қара нарығына» қарсы іс-қимыл мақсатында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізді. «Қазсушар» РМК-мен бірлескен жұмыстар нәтижесінде Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында шартсыз су тұтынудың 793 фактісі анықталды.
«Филиал мен бассейндік инспекцияның бірлескен жұмыстың арқасында суару маусымының тұрақты өтуі қамтамасыз етіліп, қолда бар су ресурстары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жасалған шарттарға сәйкес жеткізілді. Қазіргі уақытта әрбір негізгі су шаруашылығы нысанының жұмысына талдау жүргізіліп, жөндеуді, тазалауды немесе реконструкциялауды қажет ететін учаскелер анықталып жатыр. Қолданыстағы жобалар іске асырылып, жаңа жобаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде», - деді «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Мерлан Керимжанов.