
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су дипломатиясы және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне жетекшілік ететін жаңа вице-министр Арсен Жақанбаевты таныстырды. Жаңа вице-министр трансшекаралық су ынтымақтастығы, Мемлекет басшысының жаһандық су күн тәртібін қалыптастыру жөніндегі бастамаларын ілгерілету, сондай-ақ Қазақстанның су саласына инвестиция тарту мәселелерін үйлестіреді.
Еске салайық, биыл тамыз айының басында министрлік жанынан Су дипломатиясы департаменті құрылды. Жаңа құрылым трансшекаралық су нысандары бойынша тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық комиссияларға Қазақстанның қатысуын үйлестіреді, серіктес мемлекеттермен келіссөздер процесін сүйемелдейді, сондай-ақ су саласындағы мемлекетаралық келісімдерді әзірлеу және іске асыру бойынша жұмыстар жүргізеді.
Сонымен қатар ведомство құрылымында Халықаралық ынтымақтастық департаменті жұмыс істейді. Оның негізгі міндеттеріне халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және су саласына инвестиция тарту кіреді.