
Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің жергілікті филиалына барды. Су шаруашылығы ведомствосының басшысы кәсіпорын ұжымымен кездесіп, зертханаларды аралап, филиалдың материалдық-техникалық базасымен танысты.
«Қазгидрогеология» мамандары министрге атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтқанда, суармалы жерлердің мелиорациялық жағдайын зерттеу, топырақ-мелиорациялық жұмыстар, жерүсті, коллекторлық-дренаждық және жерасты суына зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ суару жүйелерінің коллекторлық-дренаждық суына гидрологиялық бақылау жүргізіледі.
Кездесуде Нұржан Нұржігітов ұлттық гидрогеологиялық қызметтің Түркістан филиалына кадрлық және ғылыми әлеуетті арттыру, сондай-ақ материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында кәсіпорынды дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар министр «Қазсушар» РМК мен бассейндік инспекциялардың басшыларына суармалы жерлердің мелиорациялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің Түркістан филиалы есептерінде көрсетілген ұсынымдардың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Ұлттық гидрогеологиялық қызмет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайта құрылды. Президент жерасты суы еліміз үшін маңызды ресурс екенін бірнеше рет атап өтті. Жерасты су орындарын зерттеу және игеру – мемлекеттік су саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан ұлттық гидрогеологиялық қызметті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.