
Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Арал ауданындағы балықшылармен кездесті. Кездесуде ведомство басшысы Солтүстік Арал теңізін сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Біз Солтүстік Арал теңізін сақтау бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Осы мақсатта Дүниежүзілік банкпен бірлескен жобаның екінші кезеңі әзірленді. Ол Көкарал бөгетін реконструкциялап, теңіздегі су деңгейін көтеруге және су көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес Солтүстік Аралдағы су көлемін 34 млрд текше метрге дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр», - деді Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қазаннан бүгінге дейін Сырдария өзені арқылы Солтүстік Арал теңізіне 1,4 млрд текше метр су жіберілді. Биылғы вегетация кезеңінде теңізге секундына 40 текше метр су ағызылып жатыр.
Қазіргі таңда Солтүстік Аралдағы су көлемі 23,5 млрд текше метр. Өткен жылмен салыстырғанда теңіз суының тұздылығы орта есеппен 10%-ға төмендеп, 7,9 промиллеге жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында теңізден 4,2 мың тонна балық ауланды.
Кездесу барысында Арал ауданының балықшылары Арал теңізі мен өңірдегі өзге де балық шаруашылығы су айдындарын сақтау үшін су пайдалану лимиттерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді сұрады.
«Ауыл шаруашылығында су пайдалану лимиттері бекітілгенін білеміз. Алайда кейбір шаруалар бұл талаптарды сақтамайтын жағдайлары кездеседі. Сондықтан бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет деп есептейміз. Біз, балықшылар, Сырдарияның төменгі ағысында орналасқандықтан облыстағы балық шаруашылығының тұрақтылығы үшін диқандардың суды үнемдеп пайдалануы аса маңызды. Үнемделген су өңірдегі су айдындарын сақтап қалуға өте қажет», - деді «Арал» сервистік-дайындау орталығы» ЖШС директоры Әділбек Айымбетов.
Сондай-ақ балықшылар Сырдария өзеніне суды тиімдірек жіберу үшін Аманөткел су торабын немесе шлюз салуды ұсынды. Бұл су өткізу көлемін секундына 100 текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Нұржан Нұржігітов Су шаруашылығы комитетіне шлюз құрылысының жобалау-сметалық құжатын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар министр Арал-Сырдария бассейндік инспекциясына су үнемдеу технологияларын енгізу есебінен үнемделген суды қоса алғанда, Солтүстік Арал теңізіне тұрақты су жіберуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Одан кейін Нұржан Нұржігітов Ақлақ су торабында болып, Солтүстік Арал теңізін сумен толықтыру жұмыстарының барысымен танысты. Секундына 515 текше метрге дейін су өткізуге қауқарлы бұл нысан Сырдария өзенінің сағасындағы бірнеше көл мен ірі жайылма алқаптарды да сумен қамтамасыз етеді.
Кейін министр Ақлақ су торабы маңындағы вахталық кенттегі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Бұл үйлер гидротехникалық нысанды тәулік бойы пайдалану, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және күзету жұмыстарын атқаратын мамандардың қауіпсіз әрі жайлы тұруына арналған.