
Су ресурстары және ирригация министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды. Оның аясында журналистер елорда мен Ақмола облысының су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін екі маңызды нысан - Астана су қоймасы мен Астана қорғаныс бөгетіндегі ауқымды реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты.
БАҚ өкілдері Астана су қоймасының су жіберу құрылғысын, сондай-ақ Астана қорғаныс бөгетіндегі контрреттеуші мен салынып жатқан су бұру каналын аралады. Журналистер құрылыс жұмыстарының барысын өз көздерімен көріп, Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандарынан табиғи апаттардың алдын алу, жергілікті экожүйелерді сақтау, сондай-ақ еріген қар суын қауіпсіз өткізу және жинақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат алды.
«Астана қорғаныс бөгетін реконструкциялау жобасы бөгетті 4 шақырымға ұзартып, нығайтуды, автоматтандырылған апаттық су жіберу құрылғысын, сондай-ақ ұзындығы 23 шақырымнан асатын және Нұра өзеніне шығатын су бұру каналын салуды қамтиды. Бұл жоба елорданы су тасқынынан қорғау деңгейін арттырып қана қоймай, оған іргелес аумақтардың гидрологиялық режимін жақсартады. Сонымен қатар су-батпақты алқаптардың экожүйесін сақтау мен дамытуға қолайлы жағдай жасап, Қорғалжын көлдер жүйесі бағытындағы су құстарының және су биоресурстарының табиғи мекендеу ортасын сақтауға ықпал етеді», - деді Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.
Есіл өзенінің ағынын реттейтін Астана су қоймасы елорданы сумен қамтамасыз етуге арналған. Гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау нысанның сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.