
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов ведомствоның су шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты.
Министрлік су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың өзге де элементтері туралы деректерді біріктіретін Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірледі. Оның негізгі міндеті – басқарушылық шешімдер қабылдау үшін бірыңғай, сенімді және өзекті деректер базасын қалыптастыруды қамтамасыз ету.
Жүйенің функционалдық мүмкіндіктеріне су балансын жүргізу, су пайдалануды есепке алу және талдау, су қоймаларының жай-күйін мониторингтеу, трансшекаралық су нысандары бойынша деректермен жұмыс істеу, сондай-ақ ғарыштық мониторингті қоса алғанда, заманауи технологияларды қолдану кіреді. Қазіргі уақытта Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі өнеркәсіптік пайдалануға енгізудің соңғы дайындық кезеңінде тұр.
«Қазсушар» РМК аясында шаруалармен жұмыс істеу процестері цифрландырылды. Атап айтқанда, өтінім беру мен келісімшарт жасасудан бастап, шот ұсыну, актілерді қалыптастыру және төлемдерді бақылауға дейінгі барлық кезең электрондық форматқа көшірілді. Құжат айналымы біртіндеп цифрлық форматқа ауыстырылып, есеп айырысу мен су жеткізу үдерістерінің ашықтығы артып келеді.
Сонымен қатар су тұтынуды ерте болжау жүйесі енгізіліп жатыр. Өнеркәсіптік, коммуналдық және басқа да су пайдаланушыларды қоса алғанда, ірі тұтынушылармен шарт жасасу процестерін цифрландыру жұмыстары басталды. Бұл суды жеткізуді тиімді жоспарлауға, нақты қажеттілікті анық көруге және су шаруашылығы ұйымдары мен тұтынушылар арасындағы өзара іс-қимылдың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Министрлік Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп, немістің TALSIM-NG бағдарламалық кешенін Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайларына бейімдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жүйе қардың жиналуы, қардың еруі, өзен ағынының қалыптасуы, су қоймаларына келетін су көлемі сияқты гидрологиялық процестерді, сондай-ақ ықтимал су тасқыны мен су тапшылығы сценарийлерін модельдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта модельдер Қазақстанның сегіз ірі өзен бассейнін қамтиды.
Сонымен қатар TALSIM-NG жүйесін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі әзірлеген Tasqyn жүйесімен ықпалдастыру жұмыстары жүргізілуде. TALSIM-NG арқылы жинақталған ақпарат Tasqyn жүйесіне беріліп, су тасқыны қаупінің алдын алу, деректер алмасу және су тасқыны кезеңінде жедел шешімдер қабылдау үшін пайдаланылады.
2026 жылы 283 ирригация каналын автоматтандыру жоспарланған. «Қазсушар» РМК-ның инвестициялық бағдарламасы аясында 88 ирригация каналы автоматтандырылды. Оның ішінде 86 канал Жамбыл облысында, ал 2 канал Қызылорда облысында орналасқан. Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы 195 ирригация каналын автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде.
Бұл шараларды кешенді түрде іске асыру су шығынын азайтуға, су ресурстарын бөлудің ашықтығын арттыруға, су беруді бақылауды жақсартуға және ирригация инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Министрлік жасанды интеллект пен заманауи талдау құралдарын енгізуге ерекше назар аударып отыр. Әлеуетті бағыттардың бірі – су нысандарын, соның ішінде су қоймалары мен трансшекаралық су ресурстарын ғарыштық мониторингтеу барысында жасанды интеллект технологияларын қолдану. Спутниктік деректер мен жасанды интеллект алгоритмдерін пайдалану су беті ауданының өзгеруін, су қоймалары деңгейінің динамикасын, су жинау аумақтарының жай-күйін және басқа да маңызды параметрлерді автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін бұл аса маңызды, өйткені еліміздің су ресурстарының елеулі бөлігі трансшекаралық сипатқа ие. Ғарыштық мониторинг жоспарлау, талдау және келіссөздер жүргізу кезінде пайдалануға болатын тәуелсіз әрі объективті деректер алуға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.