
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Атырау облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиында ведомство басшысы су саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Министрлік құрылған сәттен бастап су теңгерімінің сақталуына тұрақты бақылау жүргізіліп, су ресурстары экономикалық және экологиялық қажеттіліктер арасында нақты бөлініп келеді. Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының мәліметінше, соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 млрд текше метрден астам су жіберілген. Оның ішінде шамамен жартысы - 17 млрд текше метрден астам су 2024 жылы тіркелген ауқымды су тасқыны кезеңіне тиесілі. Ал 2026 жылдың басынан бері Каспий теңізіне 6,16 млрд текше метр су бағытталды.
Жаңа Су кодексін іске асыру мақсатында министрлік Қазақстандағы өнеркәсіптік кәсіпорындарды түгендеу жұмыстарын аяқтады. Еске салайық, былтыр қабылданған Су кодексіне сәйкес кәсіпорындар бес жылдық мерзімге арналған айналымды сумен жабдықтау жүйесіне көшу жоспарын әзірлеуге міндетті. Сонымен қатар қолданыстағы жүйелер ең үздік қолжетімді технологияларды пайдалана отырып жаңғыртылуы тиіс.
Қазіргі уақытта осындай 168 жоспар әзірленген. Мұндай құжаттарды еліміздегі барлық кәсіпорын дайындауы қажет.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есеге артты. 2024 жылға дейін мұндай технологиялар жыл сайын орта есеппен 30 мың гектар алқапқа енгізілсе, 2024 және 2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына 150 мың гектарға жетті.
Былтырдың қорытындысы бойынша Атырау облысында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері арқылы 9,3 мың гектар жер суарылып, нәтижесінде 12,8 млн текше метр су үнемделді. Ал биыл су үнемдеу технологиялары қосымша 800 гектар аумақта енгізілді.
«Біздің міндетіміз - су ресурстарын ұтымды әрі үнемді пайдалануды қамтамасыз ету, сондай-ақ су шығынына жол бермей, оны нақты қажет жерлерге, яғни егістік алқаптарға, кәсіпорындарға және азаматтардың үйлеріне уақытылы жеткізу. Су - тұрақты дамудың, азық-түлік қауіпсіздігінің және халықтың әл-ауқатының негізі. Сондықтан инфрақұрылымды жаңғырту және заманауи технологияларды енгізумен қатар, суды жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор. Тек күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ ұрпақ үшін су қорын сақтап қала аламыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Кездесуде Атырау облысының тұрғындары министрге жаңа су қоймасын салу, жерасты су көздерін барлау, су үнемдеу технологияларын енгізу үшін электр энергиясын субсидиялау және ирригациялық каналдарды реконструкциялау мәселелері бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Бұдан кейін азаматтарды жеке қабылдау өтті. Онда каналдар арқылы су жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Есептік кездесудің қорытындысы бойынша Нұржан Нұржігітов жауапты департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берді.