
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ университетінің Су, қоршаған орта және денсаулық институтының (UNU-INWEH) директоры Каве Маданимен кездесті.
Кездесуде тараптар су саясаты мен су дипломатиясы салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті базасында UNU-INWEH хабын ашу мүмкіндігін талқылады.
Сонымен қатар су саласын цифрландыру және биыл желтоқсан айында өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясына дайындық мәселелері қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша Нұржан Нұржігітов профессор Каве Маданиді Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің Халықаралық консультативтік кеңесінің құрамына кіруге шақырды.
«Мемлекет басшысы су шаруашылығы саласының кадрлық және ғылыми әлеуетін арттыру міндетін қойды. Осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықаралық тәжірибені зерделеуге және шетелдік серіктестерімізбен бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазақстанда БҰҰ университетінің хабын ашу осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі болуы мүмкін», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.