
АЙТЫЛДЫ:
«Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары баяу жүріп жатыр, нақты нәтиже де байқалмайды. Бұл жұмысқа шетелдің танымал компанияларын тарту қажет. Алдын ала ескертілген қауіп-қатерлерге қарамастан, өңірлерде әлі күнге дейін ылғалды көп қажет ететін дақылдар егіліп жатыр».
ОРЫНДАЛДЫ:
Мемлекет басшысының жыл сайын 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды қолдаудың кешенді мемлекеттік жүйесін қалыптастырды. Су үнемдеу жүйелерін сатып алу мен орнатуға кеткен шығындарды өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ суармалы суға сараланған субсидиялау тетігі енгізілді: су үнемдеу технологияларын қолданатын шаруалар үшін субсидия көлемі 85%-ға дейін артты.
2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары 543,5 мың гектар алқапқа енгізіліп, нәтижесінде 874 млн текше метр су үнемделді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2024-2025 жылдары жыл сайын 150 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу көрсеткіші орындалды (2024 жылы - 153 мың гектар, 2025 жылы - 154 мың гектар).
Су үнемдеу жобаларын қаржыландыру аясында 2026-2028 жылдарға инвестициялық субсидияларға 214,6 млрд теңге бөлінді. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 4 есе көп. Бұдан бөлек, елімізде жаңбырлатып суару машиналары мен тамшылатып суару жабдықтарын шығаратын бес отандық зауыт жұмыс істейді.
Су үнемдеу бағытындағы жұмыстар өнеркәсіп кәсіпорындарын да қамтиды. Жаңа Су кодексіне сәйкес, кәсіпорындар 7 жыл ішінде кезең-кезеңімен айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне көшуге міндеттелді. Қабылданып жатқан шаралар өнеркәсіптегі суды қайта пайдалану үлесін 28%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қалалар мен ірі елді мекендерде де су үнемдейтін суару жүйелері енгізіліп жатыр. 2030 жылға дейін 10,2 мың гектар аумақтағы жасыл желектерді суару толықтай су үнемдеу технологияларына көшіріледі.