
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жеңіс күніне орай Рзағұл Байкешевті құттықтады.
Ведомство басшысы ардагерге сый-сияпат табыстап, ел үшін от кешкен майдангерлердің ерлігіне құрмет білдіріп, соғыс ардагерлеріне алғысын жеткізді.
«Отан үшін от кешіп, есімін тарихта қалдырған батырлардың арқасында біз бүгін болашаққа сеніммен қарап, ел игілігі жолында еңбек етіп келеміз. Батырларымыздың өлшеусіз ерлігі әрдайым жүрегімізде сақталады. Болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі мен амандығы үшін жанқиярлық пен батылдық танытқан әрбір жанға шексіз ризашылық пен құрмет білдіремін», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Рзағұл Байкешев 1923 жылы Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Соғыс жылдары Калинин облысында, Рыжов және Великий Луг қалаларында шайқасқан. Ефрейтор шенінде Польша, Румыния және Венгрияны азат ету жолындағы ұрыстарға қатысқан.
Соғыстан кейін Ақтөбе облысындағы «Рождественка» совхозында экспедитор болып еңбек етті. 1983 жылы зейнет демалысына шыққан. Екі ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде бес немере мен жеті шөбере сүйіп отыр.