
АЙТЫЛДЫ:
«Жалпы алғанда, су саласындағы мәселелерді бүгін қаншалықты ұтымды шеше алатынымыз біздің балаларымыз бен немерелеріміздің тағдырына тікелей әсер етеді. Қоршаған ортаға деген ұқыпты, жауапты әрі жанашыр көзқарас ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс».
ОРЫНДАЛДЫ:
СРИМ «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ «Суды үнемде - болашақты сақта!» білім беру бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында 2025 жылы бірыңғай экосағаттарға 2 026 040 оқушы, 2026 жылы 820 137 оқушы мен студент қатысты. Іс-шаралар шетел мемлекеттерінің елшілері, халықаралық ұйым басшылары және Парламент депутаттарының қатысуымен өткізіліп жатыр.
Сонымен қатар экосағаттар жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында да өткізіледі. 2026 жылғы сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында барлық ЖОО қосылған республикалық ашық онлайн сабақ ұйымдастырылып, оған шамамен 2000 студент қатысты.
Бірыңғай білім беру әдістемесін енгізу арқылы «Суды үнемде - болашақты сақта!» жобасы факультатив сабаққа айналып, оның аясында оқушылар су ресурстарына қатысты ғылыми жобалармен айналысуда.
Қызылорда облысындағы 10 пилоттық мектепте Француз даму агенттігінің, ЮНИСЕФ пен Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің қолдауымен «Су және білім» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында су үнемдеу элементтері енгізіліп, сурет байқаулары, дебат турнирлері өткізіліп, су клубтары құрылуда және «Тамшының оқиғалары» атты эко-ертегілер әзірленуде.
Елдің барлық өңіріндегі оқушылар арасында «Суды үнемде» сурет байқауы өткізілуде. Оған 2025 жылы 1800 қатысушы, 2026 жылы 12 000 бала қатысты.
Бағдарламаның кейіпкері – Тамшы әзірленіп, ол су үнемдеудің символына айналып, әлеуметтік бейнероликтерде, эко-ертегілерде және білім беру ойындарында қолданылуда. Екі тілде үш иллюстрациялық кітап шығару жоспарланып отыр.
Барлық мемлекеттік телеарнада суға ұқыпты қарауды насихаттайтын бейнероликтер мен анимациялық фильмдер көрсетілді.
Әуежайларда, қоғамдық көліктерде және әкімшілік ғимараттарда түсіндіру материалдары орналастырылып, Астана қаласында ақпараттық науқанның жалпы қамтуы 1 миллион адамды құрады.
Суды ұтымды пайдалану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жол картасы бекітілді. Ол су шығынын азайту, шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру, су тұтынуды цифрландыру және судың «қара нарығын» жою бойынша кешенді шараларды қамтиды.
Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында бұлақ көздерін, сондай-ақ өзендер мен су айдындарының жағалау аумақтарын тазарту және абаттандыруға бағытталған «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асырылып келеді. 2025 жылғы қыркүйекте акция еліміздің барлық өңірін қамтып, оған 4 мыңнан астам адам қатысып, шамамен 300 тонна қоқыс жиналды. 2026 жылғы наурызда 30 бұлақ тазартылып, 9 мыңнан астам адам қатысты. Ал сәуір айында акция еліміздің 12 облысында жалғасады.
Министрліктің бастамасымен су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы – «Болашақтың қайнары» құрылды.