21 отырыс және 12 екіжақты кездесу: Өңірлік экологиялық саммит қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі үш меморандум мен бір ынтымақтастық жол картасына қол қойды

21 отырыс және 12 екіжақты кездесу: Өңірлік экологиялық саммит қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі үш меморандум мен бір ынтымақтастық жол картасына қол қойды

Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммиттің қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі шетелдік серіктестермен үш меморандум және бір ынтымақтастық жол картасына қол қойды.

Словакия Республикасының Қоршаған орта министрлігімен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Құжат су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану, білікті кадрларды бірлесіп даярлау, гидротехникалық нысандардың техникалық жай-күйін мониторингтеу, су тасқыны мен құрғақшылықтың алдын алу бағыттарында екіжақты өзара іс-қимылды нығайтуды көздейді.

Халықаралық су ресурстарын басқару институтымен де өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен жобаларды іске асыруды, сондай-ақ зерттеу, мониторинг және жерүсті және жерасты суын басқару, оның ішінде трансшекаралық су ресурстары саласында тәжірибе, ақпарат және озық тәжірибелер алмасуды қарастырады.

Германияның Тәуелсіз қоршаған орта институтымен қол қойылған меморандум бірлескен жобаларды әзірлеу мен ғылыми зерттеулер жүргізуді қамтиды.

Француз даму агенттігі ұйымдастырған пленарлық сессия қорытындысы бойынша Hydroplus компаниясымен халықаралық ынтымақтастықтың жол картасына қол қойылды. Құжат Қазақстан аумағында пилоттық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ су саласы мамандарының біліктілігін арттыру шараларын қамтиды.

Жалпы алғанда, RES 2026 аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі мамандары 21 пленарлық сессия мен дөңгелек үстелге қатысты. Олардың қатарында ведомствоның қатысуымен ұйымдастырылған «Климаттың өзгеруі жағдайында Орталық Азияда су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру» атты панельдік сессия және «Халықаралық су ұйымын құру мәселелері бойынша дөңгелек үстел форматындағы консультациялар» атты жоғары деңгейдегі сессия бар.

Саммит аясында сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара қорытындысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылып, 26 наурызды Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау туралы шешім қабылданды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі халықаралық ұйымдар мен даму агенттіктерінің басшылары және өкілдерімен 12 екіжақты кездесу өткізді. Олардың қатарында БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы, БҰҰ-ның Апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы және басқа да ұйымдар бар.

Кездесулерде Мемлекет басшысының Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын іске асыру, Қазақстанның су шаруашылығына инвестиция тарту, пилоттық жобалар мен бірлескен бағдарламаларды әзірлеу және жүзеге асыру, су дипломатиясын дамыту, климаттың өзгеруіне бейімделу және табиғи апаттарға қарсы іс-қимыл мәселелері қарастырылды.

«Өңірлік экологиялық саммит су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін бірлесіп әзірлеу мақсатында ғылымды, инновацияны, бизнесті және халықаралық қауымдастықты біріктіретін тиімді алаң ретінде өзін дәлелдеп үлгерді. Келіссөздер барысында шетелдік серіктестер саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ Қазақстанның экологиялық және су қауіпсіздігі мәселелеріндегі белсенді ұстанымын атап өтті. Бұл еліміздің жаһандық үдерістердің қатысушысы ғана емес, әлемдік экологиялық саясаттағы үрдістерді айқындайтын ел екенін көрсетеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.