
Өңірлік экологиялық саммит аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Пере Жоан Понспен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесуде тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Орталық Азиядағы трансшекаралық су өзара іс-қимылын нығайту, Солтүстік Арал теңізін сақтау шаралары және Тобыл-Торғай су шаруашылығы бассейнінің су ресурстарын қорғау және пайдалану жөніндегі бассейндік жоспарды бірлесіп әзірлеу мәселелерін талқылады.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ЕҚЫҰ мен оның Парламенттік Ассамблеясының Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін атап өткім келеді. Министрлік Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесімен тығыз байланыс орнатқан. Бұл кеңсе Қазақстанда су ресурстарын кешенді басқаруды дамытуға және су шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін арттыруға белсенді түрде ықпал етіп келеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.