
Өңірлік экологиялық саммит аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) бас директорының орынбасары Виорел Гуцумен кездесті.
Кездесу барысында тараптар бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Қазақстан «Орталық Азиядағы су және жер ресурстарының өзара байланысына» арналған FAO-ның өңірлік бағдарламасына қатысуда. Бұл бағдарлама су және жер ресурстарын басқаруды жетілдіруге, экожүйелерді қалпына келтіруге және өңір елдеріндегі ауылдық қауымдастықтарды қолдауға бағытталған.
Сонымен қатар Қазақстан мен FAO арасында су ресурстары саласындағы әріптестік бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама төрт негізгі бағытты қамтиды: бассейндік жоспарлау, су шаруашылығы жүйелерінің тиімділігі мен пайдаланылуын арттыру, су пайдалануды мониторингтеуге басымдық бере отырып пилоттық жобаларды іске асыру және шаруашылық деңгейінде су үнемдеу технологияларын енгізу.
«Біз үшін бұл бағдарламаларды ұлттық басымдықтармен және су секторын дамытудағы стратегиялық міндеттермен тікелей байланыстыру маңызды. Бүгінгі кездесу өзара келісілген тәсілдерді қалыптастыруға және алдағы ынтымақтастықтың нақты күн тәртібін айқындауға негіз болады деп сенеміз. Біз ашық диалогқа, тәжірибе алмасуға және ұлттық әрі өңірлік деңгейде су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға дайынбыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.