Су ресурстары және ирригация министрлігі мен БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Өңірлік экологиялық саммит аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының (ЕЭК) Атқарушы хатшысы Татьяна Молчанмен кездесті.

Тараптар бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, су мониторингі жүйелерін жетілдіру, трансшекаралық жерасты суын пайдалану және қорғау, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігін арттыру, су нысандарының ластану тәуекелдерін басқару тетіктерін дамыту, климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсерін зерттеу, сондай-ақ халықты қауіпсіз ауыз сумен қамту қолжетімділігін арттыру мақсатында Су және денсаулық мәселелері жөніндегі хаттаманы іске асыру мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы жеке қаралды.

«Министрлік БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен көпжылдық ынтымақтастықты, соның ішінде трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенция ережелерін іске асыру шеңберіндегі өзара іс-қимылды жоғары бағалайды. Бұл алаң трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану, сенім мен ашықтықты нығайту жолындағы негізгі халықаралық құрал болып қала береді. Біз бұл Конвенцияны еліміздің су қауіпсіздігін күшейтудің маңызды тетігі ретінде қарастырамыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.