Қызылорда облысында «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өткен плоггингке қатысушылар 20 тоннадан астам қоқыс жинады

Қызылорда облысында «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында өткен плоггингке қатысушылар 20 тоннадан астам қоқыс жинады

Қызылорда облысында өңірдің негізгі су арналары қамтылған ауқымды плоггинг акциялары өтті. Плоггинг — жүгіру мен қоқыс жинауды ұштастыратын формат. Жүгіруге Қызылорда қаласы, Арал және Қармақшы аудандарындағы 55-тен астам мектептен 1500 оқушы қатысты. Нәтижесінде 20 тоннадан астам қоқыс жиналды. 

Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстанның балалар мен жастары арасында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру жобасы аясында өтті. Жоба ЮНИСЕФ, Француз даму агенттігі және ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі мен Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің бірлесуімен жүзеге асырылып жатыр.

Акция екі кезеңде өтті: 18 сәуір күні Сырдария өзенінің жағасында Абай атындағы мектеп оқушылары қаладағы 10 мектеп өкілдерімен бірге бастады, ал 22 сәуір - Халықаралық Жер күні оларға тағы 45 мектеп қосылды. Қатысушылар Сырдария жағалауын, сондай-ақ облыстағы каналдар, көлдер мен бұлақтарды тазартты. Іс-шара эко-квест, плоггинг және флешмоб форматында өтті, барлық қатысушы қажетті құрал-жабдықтармен және арнайы киіммен қамтамасыз етілді.

«Өзен жағалауларын, көлдер мен бұлақтарды тазарту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде өтіп жатыр. Біздің міндетіміз - жастардың күнделікті әдеттері мен олардың негізгі су ресурстарының, соның ішінде Сырдарияның жағдайына әсерін түсінуіне ықпал ету. Плоггинг — дене белсенділігін қоршаған ортаға қамқорлықпен ұштастырудың тиімді тәсілі», - деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.