
Жұмыстар биыл қаңтар айында басталып, бүгінде 2,5 шақырым учаске реконструкцияланды.
Жоба аясында каналды бетондау, су шығару тетіктерін, бөгейтін құрылысжайлар мен нөсерлетіп су ағызу жүйелерін орнату, сондай-ақ гидробекет салу қарастырылған.
«Исмаил» каналы арқылы Аса өзенінен Жамбыл ауданының суармалы жерлеріне су жеткізіледі. Нысанның су өткізу қуаты - секундына 6 текше метр. Каналды реконструкциялау 1454 гектар жерге судың жеткізілуін жақсартып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
«Нысанда 35 адам мен 19 техника жұмылдырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Суару кезеңінде де нысанда жұмыстар жалғасады. Диқандарды сумен қамтамасыз ету үшін уақытша канал салынып жатыр», – деді мердігер ұйымның өкілі Ерлан Оразбаев.