
Қызылорда қаласындағы Абай атындағы мектепте су ресурстарын үнемдеу және басқару тақырыбындағы дебат турнирінің финалы өтіп жатыр. Оған облыстың түкпір-түкпірінен 60 оқушы қатысуда.
Қазылар алқасының құрамында су ресурстарын қорғау және есепке алу мәселелеріне тікелей жауапты Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясының мамандары бар.
Байқаудың іріктеу кезеңі осы айдың басында басталып, Қызылорда облысындағы 55 мектепті қамтыды. Дебаттар 10 пилоттық оқу орнында өтті. Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша финалға үздік 10 команда жолдама алды.
«Турнирдің негізгі мақсаты - жастар арасында суға деген саналы көзқарасты қалыптастыру және экологиялық ойлауды дамыту. Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстанның балалар мен жастары арасында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарына ұқыпты қарауды қалыптастыруға бағытталған білім беру жобасы аясында өтті. Жоба ЮНИСЕФ, Француз даму агенттігі, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі және Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқарушы комитеті қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба өңірдегі 55 мектептің 67 мыңнан астам оқушысы мен 800-ден астам педагогті қамтыды», - деді «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.