Астана су қоймасы көктемгі су тасқыны маусымына дайын

Астана су қоймасы көктемгі су тасқыны маусымына дайын

Есіл өзенінің арнасында орналасқан Астана су қоймасы 1970 жылы пайдалануға берілген. Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары мен оған жақын орналасқан елді мекендерді (Аршалы, Арнасай, Шөптікөл, Ижевский) сумен қамтамасыз ететін Астана су қоймасының сыйымдылығы – 410,90 млн текше метрді құрайды. Төменге су тастау мүмкіншілігі секундына 1910 текше метр. Қазіргі уақытта су қоймасында 328 текше метр көлемінде су бар. Бұл туралы су қоймасын тілшілерге көрсеткен «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры Уәли Дәлі айтты.

 

Оның сөзінше, су қоймасы 2021 жылдың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайын. Дегенмен тиімді шараларды талап ететін мәселелер де бар. Пайдалануға берілгеніне 50 жыл болды десек, су қоймасы үшін бұл көп уақыт. Сондықтан техникалық эксперттік тексеру жұмыстарын жүргізу үшін қаражат бөлінуі қажет.   

«Жібек жолы ауылы, 42-разъезд аумағында және Целиноград ауданының Талапкер ауылынан Максимовка ауылына дейінгі Есіл өзені арнасының су өткізу қабілеті есепке алмай салынған өткелдер мен біраз жерлерде өзен табанының өсіп кетуі себеп. Сондықтан ең басты мәселе жергілікті атқару органдары өткелдерді су өткізуге қабілетті деңгейде қайтадан салып, арнаны қажетті жерлерде балшық-лайдан тазалап тереңдетулері және өсіп кеткен қамысты, ағаш тамырларын алып тастауы қажет», - деді Уәли Дәлі.

Су тасқыны кезеңінде су қоймасына жеткілікті су көлемін (410,9 текше метр) жинау, артық суды төменгі арнаға жіберу және ішінара төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Қазсушардың Ақмола филиалы «Қазгидрометтің» берген мәліметтері бойынша Есіл бассейндік су инспекциясының бекітуімен қалаға су жіберудің болжамды кестесін жасап, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен келісіледі.

«Астана су арнасы» мекемесі Нұр-Сұлтан қаласы үшін жылына 80-90 млн текше метр көлемінде су алады. Ал Аршалы ауданындағы бірнеше ауылға айына 10-15 мың текше метр су беріледі. Сонымен бірге Елордадағы Есіл өзенінің деңгейін ұстап тұру және тазалығын сақтау үшін су жіберіледі», - деп түсіндірді филиал басшысы.

Айта кетейік, «Қазсушар» РКМ Ақмола облыстық филиалы балансында 7 су қоймасы бар. Олар – Астана, Есіл, Селеті, Чаглинское және Подлесненское су қоймалары. Елорданы су тасқынынан қорғау үшін 2010 жылы қорғаныс бөгеті салынған.