Қосымша 2,6 млрд текше метр су жинау: Су тұтыну көлемі өсіп жатқан жағдайда Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның гидроинфрақұрылымын дамытып жатыр

Қосымша 2,6 млрд текше метр су жинау: Су тұтыну көлемі өсіп жатқан жағдайда Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның гидроинфрақұрылымын дамытып жатыр

Қазақстанда жыл сайынғы су тұтыну көлемі шамамен 25 млрд текше метрді құрайды. Республикадағы судың ең ірі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы, оған жалпы су ресурстарының 65%-ы тиесілі. Өнеркәсіп саласының үлесі шамамен 25%.

Климаттың өзгеруі және қолжетімді су ресурстарының азаюы жағдайында суды ұтымды әрі тиімді пайдалану мемлекеттік су саясатының басым бағытына айналып отыр. Халық санының өсуі, экономикалық даму және соған байланысты қолданыстағы су шаруашылығы инфрақұрылымына түсетін жүктеменің артуы елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен дамуына нұқсан келтірмей, нақты шаралар қабылдауды талап етеді.

Осы мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және жаңғырту бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Мәселен, 2026 жылдың басынан бері ведомство шамамен 700 шақырым каналды механикалық  әдіспен тазалады. Ал соңғы 2,5 жыл ішінде жалпы ұзындығы 3,5 мың шақырымнан астам канал тазартылды. 

Сонымен қатар 1200 шақырым каналды реконструкциялау жұмыстары басталды. Оңтүстік өңірлерде 65 мың гектар жерді суаратын 103 канал автоматтандырылып жатыр. Үнемделген қаражат есебінен жалпы ұзындығы 85,5 шақырымды құрайтын 14 каналды бетондау жұмыстары қолға алынды.

2026 жылдың басына қарай Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен 46 жоба аяқталды. Ұзындығы 502 шақырым канал реконструкцияланды. Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан 9 жоба аясында жоспарланған 635 шақырымның 600 шақырымға жуығы реконструкциядан өтті.

Ислам даму банкімен ынтымақтастық аясында Батыс Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында үш су қоймасының құрылысы басталды. Түркістан облысында жалпы көлемі 69 млн текше метр болатын екі су қоймасы салынып жатыр.

Қолданыстағы су қоймаларын реконструкциялау бойынша 7 жоба әзірленді. Сонымен қатар 7 облыстағы 11 су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеу жалғасып жатыр. Былтыр Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы, Абай облысындағы Шар су қоймасы, Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасы және Қостанай облысындағы «Албарбөгет» бөгеті реконструкцияланды.

Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегішін және Жамбыл облысындағы «Қарақоңыз» су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ сыйымдылығы 870 млн текше метр болатын Есіл контрреттегішін салу бойынша рәсімдер басталды.

Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанда 42 жаңа су қоймасын салу және 37 қолданыстағы нысанды реконструкциялау жоспарланып отыр. Бұл шаралар ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге, су тасқыны қаупін азайтуға және трансшекаралық суға тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жобалар жыл сайын қосымша 2,6 млрд текше метрге дейін су жинауға жағдай жасайды.