
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев ведомствоның суды ұтымды пайдалануды ынталандыру және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы айтты.
Министрлік шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандырудың негізін қалыптастырды. Инфрақұрылым тарту кезінде ұңғымалар қазуға, сондай-ақ су үнемдеу жүйелерін сатып алу мен орнатуға кеткен фермерлер шығынын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар тариф құнына қарай суармалы суға берілетін субсидияның сараланған мөлшері енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін артады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде су үнемдеу технологияларымен қамтылатын алқап көлемі жыл сайын 30-35 мың гектардан шамамен 150 мың гектарға дейін өсті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша су үнемдеу технологиялары қолданылған жер көлемі 543,5 мың гектар болды. Соның арқасында 874 млн текше метр суармалы су үнемделді.
Қазіргі уақытта министрлік суармалы суға субсидия беру қағидаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл өзгерістер лазерлік тегістегішті субсидияланатын су үнемдеу технологияларының тізбесіне енгізуді, жерасты суын көтеруге жұмсалатын электр энергиясы шығындарын өтеуді, сондай-ақ субсидияланатын бағыттар қатарына ылғал жинау суаруын және тұзданған топырақты шаю жұмыстарын қосуды көздейді.
Су үнемдеу бағытындағы жұмыс өнеркәсіпті де қамтиды. Су кодексінде өндірістік кәсіпорындардың айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшуі міндетті талап ретінде белгіленген. Бұдан бөлек, айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйелеріне көшу жоспарлары орындалмаған жағдайда рұқсат етілген су пайдалану көлемін қысқартуды көздейтін нормативтік-құқықтық актілер де қабылданып жатыр.
Экологиялық мәдениетті дамытуға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын 2024-2029 жылдары іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында қалалар мен ірі елді мекендерде су үнемдеу технологияларын енгізу қарастырылған. Сонымен қатар 2030 жылға қарай жасыл желектерді суару ісін толықтай су үнемдеу технологияларына көшіру жоспарланып отыр.
Су үнемдеу жөніндегі жол картасы аясында орта және жоғары оқу орындарында суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жоспарланған. 2025 жылдан бастап «Суды үнемде – болашақты сақта» атты ауқымды жоба іске асырылып жатыр. Былтыр мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, шамамен 2 миллион оқушы қамтылды. Ал биыл мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдардың басшылары және Парламент депутаттарының қатысуымен су үнемдеуге арналған экосабақтар өтіп жатыр.
«Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында министрлік бұлақ көздері мен жағалау аумақтарын тазартуға бағытталған ауқымды «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын өткізіп келеді. 2025 жылғы қыркүйекте бұл акция елдің барлық өңірін қамтыды: оған 4 мыңнан астам адам қатысты, шамамен 300 тонна қоқыс жиналды, ондаған шақырым жағалау аумағы тазартылды. Биыл наурыз айында акция жалғасын тапты. Ауа райы жағдайына байланысты алғашқы кезеңде іс-шаралар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарын және Шымкент қаласын қамтыды. 9 мыңнан астам адамның қатысуымен 30 бұлақ көзі тазартылды. Бұлақтардың жер бетіне табиғи шығу көздерін ашу және қалпына келтіру, маңайындағы аумақтарды тазалау мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осы айда «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын елдің қалған 12 облысында да өткізу жоспарланып отыр», - деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.
Сонымен қатар министрліктің бастамасымен Жамбыл облысында су саласындағы алғашқы волонтерлік қозғалыс – «Болашақтың қайнары» құрылды. Бұл бастама жастардың экологиялық санасын дамыту мен қалыптастыруға бағытталған. Топтың құрамына Тараз қаласындағы Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері енді.