
Су ресурстары және ирригация министрлігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан ирригациялық желілерді реконструкциялау жобасы аясында үнемделген қаражат есебінен 14 каналды бетондауды жоспарлап отыр.
Каналдардың жалпы ұзындығы 85,5 шақырым. Қазіргі таңда «Сәмбет», «Байзақ», «Жамбыл», «Қуат», «Қуат оң жағалау», «Қуат сол жағалау», «Исмаил», «Бошақай», «Бошақай-1», «Бошақай-2», «Саза», «Төменгі Саза» және «Айтақ» каналдарында жұмыстар басталып кетті. Ал «Сейдалы» каналы бойынша конкурс рәсімдері жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар Жамбыл облысының Байзақ ауданында жалпы ұзындығы 85,3 шақырымды құрайтын 17 каналға арналған жобалау-сметалық құжат әзірленді. Оның ішінде 12 жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп үлгерді. Құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін басталады деп жоспарланып отыр.
«Барлық жоба бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің өңірлік кеңсесінен мақұлдау алынды. 2026 жылдың басына қарай Су ресурстары және ирригация министрлігі ЕҚДБ-мен бірлескен 46 жобаны аяқтады. Нәтижесінде 502 шақырым канал реконструкцияланды. Биыл тағы қолданыстағы 5 жобаны аяқтау жоспарланып отыр», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.