
«Қазсушардың» Ақмола филиалы Краснобор су қоймасы бөгетінің жоғарғы бьефі еңістерін нығайту жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар «Нұра-Есіл» каналындағы су жіберу нысанына, каналдың Есіл өзенімен түйісетін тұсындағы нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, апаттық-жөндеу ысырмасы жаңартылды.
Бүгінде облыстағы ірі су қоймаларындағы судың жалпы көлемі жобалық сыйымдылығы 668,9 млн текше метр болған жағдайда 542,7 млн текше метрді құрайды. Бос сыйымдылық көлемі – 126,2 млн текше метр немесе 18 пайыздан астам.
Филиалдың қарамағындағы барлық гидротехникалық нысан тұрақты бақылауда. Нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жүк көтергіш механизмдердің жай-күйі тексерілді.
«Филиалдың барлық су шаруашылығы нысандарында кезекші топтар құрылған, ал су қоймаларының жағдайы туралы ақпарат күн сайын мүдделі мемлекеттік органдарға жолданып отырады. Су деңгейіне әр екі сағат сайын мониторинг жүргізіледі, гидрологиялық ахуал тұрақты бақылауда. Филиалдың қарамағында 120 автокөлік пен арнайы техника бар. Олардың қатарында тиегіштер, экскаваторлар, тракторлар, автобетонараластырғыштар, самосвалдар және өзге де техника түрлері бар. Барлық техника техникалық тексеруден өткен және жедел әрекет етуге дайын», – деді «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры Ербол Әскербеков.