
Кездесуде қазақстандық тарап су ресурстарын орнықты басқару бағытындағы ұстанымдарын, Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық аясында атқарылып жатқан шараларды, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы шеңберінде халықаралық консультациялар өткізу жоспарларын таныстырды.
Сапар аясында БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы мен Ауыл шаруашылығын дамытудың халықаралық қорының басшылығымен де кездесулер өтті. Онда су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ирригациялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы алдағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Елшілігінде Италияның Инженерлік және консалтингтік ұйымы (OICE) және Су-экологиялық және энергетикалық ұйымның (Water Environment Energy) өкілдерімен кездесулер өтті.
OICE ұйымымен өткен келіссөздер барысында бұған дейін қол қойылған меморандум аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері, соның ішінде су саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру перспективалары қаралды. Ал Water Environment Energy ұйымының өкілдерімен су технологиялары саласындағы ықтимал әріптестік бағыттары, соның ішінде су ресурстарын басқару бойынша тәжірибе мен құзыреттер алмасу мәселелері талқыланды.