- 2024 жылдың көктемінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырма берді:
«Жыл соңына дейін су тасқынын басқарудың ұзақ мерзімді стратегиясын айқындап, проблемаларды шешудің тиімді тетіктерін әзірлеу қажет».
Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі жаңа Су кодексіндегі нормаларды күшейтті.
Нәтижесінде заңнамада маңызды қағида ресми түрде бекітілді: су тасқынынан қорғау – бұл тек төтенше жағдайға әрекет ету ғана емес, сонымен қатар тұрақты түрде болжам жасау, алдын ала жоспарлау және тәуекелдерді жүйелі басқару жұмыстары.
- ҚР Су кодексінің 8, 9-баптары
2003 жылғы ескі Су кодексінде су тасқынына қарсы шаралар жалпы сипатта болды. Құжатта су тасқынын болжау және оған бейімделу бойынша нақты, жүйелі құралдар қарастырылмаған.
2025 жылғы жаңа Су кодексінде судың зиянды әсерінің алдын алу және оның салдарын жою мәселелері жеке баптарда нақты бекітіліп, ұзақ мерзімді жоспарлау жүйесіне енгізілді.
- Деректер жинау
- «Қазгидромет» физикалық көрсеткіштерді өлшейді: температура, жердің қаншалықты қатқаны, суды сіңіруі және қанша қар түскені.
- Спутниктер мен ЖИ («Tasqyn» жүйесі): аэроғарыштан түсірілген суреттер кең ауқымды деректер береді. Жүйе 135 өзенді талдайды.
- TALSIM-NG жүйесі: Табиғи процестерді сандар мен формулаларға айналдыратын күрделі математикалық модель (ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп енгізіп жатқан модель). Модель нақты уақыт режимінде жұмыс істеп, өзен бассейндерінің «цифрлық көшірмесін» шығарады. Бағдарлама су тасқыны басталмай тұрып, оның санын алдын ала есептеп шығарады.
- Тәуекел аймақтарын модельдеу және есептеу
«Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ TALSIM-NG моделін пайдалана отырып, су тасқынының шекті деңгейлерін есептейді.
Одан кейін есептік параметрлер Tasqyn жүйесіне беріледі, онда:
- су тасқынының даму сценарийлері модельденеді;
- ықтимал су басу аймақтарының болжамды шекаралары анықталады.
- ҚР Су кодексінің 9-бабы
Су тасқыны кезінде су астында қалуы мүмкін аумақтардың шекаралары объективті гидрологиялық деректер негізінде белгіленеді.
Негізге көпжылдық бақылаулар нәтижесінде тіркелген ең жоғары тасқын кезеңіндегі су деңгейі алынады.
Сонымен қатар аумақтағы бөгеттердің, каналдардың және өзге де қорғаныш гидротехникалық құрылысжайлардың бар-жоғы міндетті түрде ескеріледі. Бұл нысандар тасқын және еріген суды ұстап қалуға, бұруға немесе қайта бөлуге мүмкіндік береді, соның ішінде су қоймаларын, көлдерді және жерасты су көздерін толықтыру үшін пайдаланылады.
- Су тасқынынан қорғауға жауапты органдар және олардың функциялары
ҚР Су кодексінің 23, 24-баптары
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі және оның қарамағындағы ұйымдар (бассейндік инспекциялар, «Қазсушар», Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы):
- стратегиялық жоспарлауды қамтамасыз етеді, су тасқынын болжаудың цифрлық жүйелерін (TALSIM-NG) енгізеді және су мониторингін жүргізеді;
- су қоймалары мен гидротехникалық құрылысжайлардың жұмысын жоспарлайды, бөгеттердің беріктігін тексеру үшін тұрақты көпфакторлы тексерулер жүргізеді, бос сыйымдылықтар дайындайды;
- су тасқыны кезінде су жіберуді реттеп, су режимін бақылайды;
- трансшекаралық өзендер бойынша көршілес елдермен жұмыс кездесулерін өткізіп, келетін судың көлемі мен тасқын туралы деректермен алмасады, су жіберу көлемін және халық пен аумақтарды қорғау жөніндегі бірлескен шараларды келіседі.
- Әкімдіктер
ҚР Су кодексінің 27-бабы
- Елді мекендерді қорғау жүйелерін құрады. Нөсер кәріздерін салады және тасқын суды көлдерге, су қоймаларына және жерасты суына бағыттайды;
- жергілікті су айдындарының жай-күйіне жауап береді: өзен арналары тазартылады, түбі тереңдетіледі, суды табиғи түрде ұстап тұру үшін су қорғау ормандары отырғызылады;
- коммуналдық гидротехникалық құрылысжайлардың (жергілікті бөгеттердің) сенімділігін бақылайды және өз аумағындағы төтенше жағдайлардың салдарын жояды.
- Өзге мемлекеттік органдар:
- ҚР ТЖМ — мониторинг жүргізу, алдын алу шаралары, хабарландыру, эвакуация, құтқару жұмыстары және барлық қызметті үйлестіру («Азаматтық қорғау туралы» заң);
- ҚР Көлік министрлігі — су өткізу құбырларын тазалау, автомобиль жолдары мен көпірлерді тасқын суды өткізуге дайындау («Автомобиль жолдары туралы» заң);
- Экология және табиғи ресурстар министрлігі — экологиялық бақылау, гидрометеорологиялық мониторинг және болжамдар (ҚР Экология кодексі);
- Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш сапары» — «Tasqyn» жүйесінің жұмысын қамтамасыз етеді.
- Осылайша, жаңа Су кодексі су тасқынын болжау және оның алдын алу жүйесін төтенше жағдайларға бір реттік жауап ретінде емес, су қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік саясаттың бір бөлігі ретінде алғаш рет ресми түрде бекітеді.