
Астанадағы А.Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясында «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты экологиялық сағат өтті. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігі «Адал азамат» мемлекеттік тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырды. Экосағатқа Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге, Қазақстандағы Француз даму агенттігінің директоры Гульноза Калленс және Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев қатысты.
Кездесу барысында спикерлер жастарға суды үнемдеудің маңызы мен тәсілдері, Балқаш көлін сақтау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Сондай-ақ 22-24 сәуір күндері Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит туралы ақпарат берілді және іс-шарада пікір алмасу ұйымдастырылып, қонақтар оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
«Алдағы саммитке Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары қатысады. Бұл өңірлік экологиялық мәселелердің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Халықаралық сарапшылардың қатысуымен көптеген өзекті тақырып талқыланады, оның ішінде трансшекаралық су саласындағы ынтымақтастық мәселесі де бар. Сондықтан Өңірлік саммит қатысушы елдерге осы саладағы жаңа технологиялар мен әдістерді, сондай-ақ тәжірибелерді талқылауға жақсы мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.
Өңірлік экологиялық саммит – Орталық Азия елдері мен басқа да мемлекеттердің күш-жігерін біріктіріп, климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және өзге де өткір экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған халықаралық іс-шара. Саммитке халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми қауымдастықтың өкілдерін қоса алғанда шамамен 1500 делегат қатысады деп күтіліп отыр. БҰҰ-мен әріптестік негізінде саммитті өткізу бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында ұсынған болатын.
Экологиялық сағатқа №17 мектеп-гимназиясының 9-11 сыныптарынан 250 оқушы қатысты. Сонымен қатар іс-шараға онлайн форматта Астана қаласы, Қарағанды, Жетісу және Ұлытау облыстарынан 328 мыңнан астам мектеп оқушысы мен колледж студенті қосылды.
Акция аясында «Су EXPO» атты ғылыми көрме ұйымдастырылды. Онда №17 мектеп-гимназиясының оқушылары тұрмыста суды үнемдеу, су ресурстарын басқару, Есіл өзенін қорғау, Қазақстандағы шағын өзендерде портативті су электр станцияларын салу сияқты тақырыптар бойынша жүргізген зерттеу жұмыстарын таныстырды.
Сонымен қатар «Шабыт тамшысы» атты шығармашылық көрме өтті. Онда балалар өздерінің көркем туындыларын ұсынды. Бұдан бөлек, суды үнемдеу тақырыбына арналған француз тілі сабағы өткізілді.
«Суды үнемде – болашақты сақта!» атты пилоттық білім беру жобасы 2025 жылдың басынан бері Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ халықаралық ұйымдар мен серіктестердің қолдауымен жүзеге асырып келеді. Бастаманың негізгі мақсаты – Қазақстанда суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру.