
Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын қорғау мен пайдаланудың бассейндік жоспарларын әзірлеуді бастады. Бұл туралы ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Парламент Сенатының қолдауымен өткізіліп жатқан «Талдау мектебі» қоғамдық жобасының қатысушыларымен кездесуде айтты.
Су қорын қорғау және пайдалану саласындағы жоспарлау жүйесін қалыптастыру бөлігінде Су кодексін іске асыру үшін министрлік елдің сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысы бойынша су ресурстарын қорғау және пайдалану жоспарларын әзірлеуге кірісті. Осы құжаттар негізінде Су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспары дайындалады.
Барлық бассейндік жоспарды әзірлеуді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал бас жоспар 2027 жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл құжаттар мемлекеттік жоспарлаудың маңызды элементтеріне айналады.
«Мемлекет басшысы Қазақстанның су-энергетика картасын жасауды тапсырды. Бассейндік және бас жоспарлар бұл картаны әзірлеуге негіз болады. Біз су нысандарында электр энергиясын өндіру үшін қанша көлемде су пайдалануға болатынын нақты анықтай аламыз. Бұл мәселе Су кодексін әзірлеу кезінде де ескерілген», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Кездесу барысында Нұржан Нұржігітов, министрлік мамандары мен ведомствоға қарайтын ұйымдар басшылары «Талдау мектебінің» қатысушыларына былтыр қабылданған Су кодексіндегі жаңашылдықтар, су шаруашылығы секторын цифрландыру жұмыстары және инфрақұрылымдық жобалар туралы ақпарат берді. Баяндама бөлігі аяқталғаннан кейін қатысушылар министрге саланың кадр әлеуетін арттыру, пайдаланылып жатқан цифрлық шешімдер және қоғамда су ресурстарына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша сұрақтар қойды.
«Талдау мектебі» жобасы 2021 жылы Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен қолға алынған. Жобаға қатысушылар сегіз апта бойы деректерді жинау және талдау әдістерін меңгеріп, аналитикалық материалдар дайындау тәсілдерін жетілдіреді. Оқу аяқталғаннан кейін аналитиктер министрлікке өз ұсыныстарын жолдайды.