Халықаралық сарапшы Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін енгізу дұрыс шешім екенін айтты

Халықаралық сарапшы Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін енгізу дұрыс шешім екенін айтты

БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі Хьюберт Лор Қазақстанда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін (СРҰАЖ) енгізу дұрыс қадам екенін атап өтті. Сарапшының пікірінше, бұл жүйе су ресурстарына қатысты деректерді жүйелеуге және нақты міндеттерді тиімді түрде шешуге мүмкіндік береді. 

«Бұл – қолда бар барлық дерек ретсіз жүктелетін жай ғана ауқымды жүйе емес. Жүйе бірнеше модульден тұрады, олардың әрқайсысы өзіне тән, жеке міндетті орындайды. Бұл нақты әрі қажетті деректерге назар аударуға мүмкіндік береді. Барлық модуль өзара байланысты, бірақ кездейсоқ емес, керісінше басқа модульдерге қажет ақпаратты ұсыну мақсатында біріктірілген. Бұл – СРҰАЖ-дың басты артықшылықтарының бірі. Осылайша, барлық модуль біріге отырып тұтас жүйе қалыптастырады және су ресурстарын басқаруға байланысты визуализациялау мен аналитикалық жұмыстарды қамтамасыз етеді», – деді БҰҰ Даму бағдарламасының су ресурстарын басқару жөніндегі халықаралық кеңесшісі. 

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірледі. Бұл жүйеде жерүсті және жерасты суына қатысты барлық мәлімет жинақталады. СРҰАЖ-ды өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.