
Қазақстанның су шаруашылығы саласында тәуелсіздік жылында дүниеге келген 229 маман қызмет етіп жүр. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігінде 1991 жылы туған 8 маман жұмыс істейді, ал «Қазсушар» РМК филиалдарында 213 маман еңбек етеді.
Тәуелсіздік жылында туған екі-екі маманнан бассейндік су инспекцияларында, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығында және «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінде жұмыс істеп жүр. Ал Су шаруашылығы комитеті мен Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінде бір-бір маманнан жұмыс істейді.
Тәуелсіздік құрдастарының бірі - «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалына қарасты Шиелі өндірістік учаскесінің аға инженер-гидротехнигі Айдос Ибаділдаев. Ол Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған «Еңбек жолы» республикалық байқауының қорытындысы бойынша үздік сегіз жас су маманының қатарына енді.
«Бұл салада 2016 жылдың сәуір айынан бері, яғни тоғыз жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету - ел дамуының маңызды бағыттарының бірі. Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы ретінде белгілі бір жауапкершілікті сезінемін және болашақ ұрпақ үшін су ресурстарын сақтауды өз міндетім деп санаймын»,– деді Айдос Ибаділдаев.