
Астанада Нидерланды сарапшылары Deltares институты әзірлеген wflow бағдарламалық қамтамасыз етуін пайдалана отырып гидрологиялық модельдеу бойынша тренинг өткізіп жатыр. Іс-шара Су ресурстары және ирригация министрлігі, Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшілігі және Shell Kazakhstan компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Бағдарламалық қамтамасыз ету су объектілерінің бассейндеріндегі барлық гидрологиялық процесті – су тасқындарын болжаудан бастап жерасты суының қорын толықтыруға дейін модельдеуге мүмкіндік береді.
Тренингте қатысушылар Ақтөбе облысындағы Елек өзені бассейнінің ашық деректері мысалында wflow-да жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгереді, сондай-ақ «табиғи» және «реттелетін» ағын режимдерінің сценарийлерін бағалау үшін су қоймаларын қосу арқылы өзендер ағынын модельдеуді жүзеге асырады. Сондай-ақ модельдерді калибрлеуге және климаттың өзгеруінің әсерін бағалауға ерекше назар аударылады.
«Семинар қазақстандық мамандардың тасқын қаупін болжау және басқару дағдыларын арттыруға бағытталған. Мұндай тренингтер Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Нидерланды гидрологиялық процестерді модельдеу және болжау саласында озық технологияларға ие. Сол себепті министрлігіміз голландиялық әріптестермен тәжірибе алмасу, ғылыми ынтымақтастық, заманауи цифрлық жүйелерді енгізу және онымен жұмыс істеуді үйрету бағытында белсенді ынтымақтастық орнатып жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Су ресурстары және ирригация министрлігі Нидерланды Сыртқы істер министрлігі және Делфттегі Су білім беру институтымен (IHE Delft) ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Құжаттар тасқын суды реттеу және пайдалану бойынша тәжірибе алмасуды, Нидерландтың өзен ағындарын басқару тәжірибесін зерделеуді, сондай-ақ су саласындағы ғылым мен инновациялық технологиялар бойынша өзара іс-қимылды қарастырады.