
2026 жылғы вегетация кезеңіне дайындық аясында «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы аймақтағы онға жуық жер арықтарын механикалық әдіспен тазартып жатыр.
Бұл жұмысқа Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған жаңа арнайы техника тартылған. Лай, қиыршық тас және өсімдіктерден тазарту су шығынын азайтып, арықтар арқылы егістік алқаптарына суды тиімдірек жеткізуге мүмкіндік береді.
Механикалық тазарту жұмыстары қазан айының ортасында басталған болатын. Бұл жұмысты суару маусымы басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Жамбыл облысының диқандары жер арықтарын жедел әрі тиімді тазартқан жергілікті «Қазсушар» филиалы мен Су ресурстары және ирригация министрлігіне алғысын білдірді.
«Сұлутөр» каналы таудан бастау алып, 120 гектардан астам жоңышқа алқабын сумен қамтып отыр. Арықтың тазартылмағанына 30 жыл болды. Бұрын ауыл тұрғындарымен жиналып, арықты тауға дейін күрекпен тазалайтынбыз. Одан бері қанша жыл өтті. Арық бітеліп, шөп өсіп кеткен еді. Соның салдарынан ауылға су дұрыс жетпейтін. Міне қазір «Қазсушардың» Жамбыл филиалы ауданымызға техника бөліп, бір аптаның ішінде арықтарды тазалап берді. Осы жұмыс үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі мен филиалға алғыс айтамын. Мен 11 гектар жерге жоңышқа ектім. Су еш кедергісіз уақытылы келіп тұр. Бұрын арыққа шөп өсіп, қоқыстар жиналып, бітеліп қалған еді. Соның салдарынан су жан-жаққа ағып, ысырап болатын. Енді көктемнен бері су жақсы келіп тұр», - деді «Сұлутөр» шаруа қожалығының басшысы Нұрғалым Шағырбаев.
Айта кетейік, биыл Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалына 75 техника мен автокөлік берді. Олардың қатарында экскаватор-жүк тиегіштер, шынжыр табанды экскаваторлар, тракторлар, тіркемелер, су таситын көліктер, самосвалдар, автокрандар, тіркемелер, аспалы жабдықтар, дизельді генераторлар және т.б. бар.