Қызылорда қаласында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты жоба басталды. Оны Су ресурстары және ирригация министрлігі GIZ аймақтық «Климатқа негізделген суды басқару» бағдарламасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Жобаның алғашқы іс-шарасы ретінде Сырдария өзенінің жағалауында «Сырдария – Орталық Азияның болашағы» атты экологиялық плоггинг өткізілді. Оған Қызылорда қаласындағы №290 мектеп-лицейдің 9-10-сыныптарының 40 оқушысы мен 10 мұғалімі қатысты. Эко-жүгіру барысында қатысушылар өзеннің жағалауын тұрмыстық қалдықтар мен пластиктен тазартып, барлығы 120 келі қоқыс жинады. Акция «Адал Азамат» республикалық бағдарламасы аясында өтті.
Плоггинг – бұл жүгіру немесе жылдам жүру кезінде айналадағы қоқысты жинау арқылы қоршаған ортаны тазарту тәжірибесі. Қызылордада өткен экожүгіру кезінде әр қатысушының жинаған тұрмыстық қалдықтарының жеке есебі жүргізілді. Енді жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 7 қарашада өтеді. Сонымен қатар іс-шара аясында спорттық жарыстар да ұйымдастырылды.
«Мұндай акциялар қоғамда су үнемдеу мәдениетін дамыту мақсатында өткізіледі. Әсіресе өскелең ұрпаққа су ресурстарына ұқыпты қараудың маңызын түсіндіру өте маңызды, өйткені дұрыс әдеттерді бала кезден қалыптастыру қажет. Осындай жиындар еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасын табады. Бұған дейін біз су үнемдеудің маңыздылығы туралы ашық сабақтар ұйымдастырдық, оған республика бойынша шамамен 2 миллион оқушы қатысқан болатын», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Айта кету керек, жобаға Германияның экономикалық даму министрлігі мен Швейцарияның даму агенттігі қаржылай қолдау көрсетеді. Сондай-ақ акцияны өткізуге Су ресурстарының ақпараттық-аналитикалық орталығы және Қызылорда облысы әкімдігі де атсалысты.