Республика күніне орай су шаруашылығы саласының 266 маманы мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды

Республика күніне орай су шаруашылығы саласының 266 маманы мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды

Республика күні қарсаңында Су ресурстары және ирригация министрлігінде су шаруашылығы саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар табыстау рәсімі өтті. Марапаттарды ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов табыстады.

Республика күні қарсаңында министрліктің орталық аппараты мен оған қарасты ұйымдардың 266 қызметкерінің салаға сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді.

Олардың ішінде 9 маман мемлекеттік наградаға, 6 адам «Еңбек ардагері» медаліне, 8 адам «Су шаруашылығының ардагері» төсбелгісіне ие болды. Сондай-ақ 39 қызметкерге «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісі, 84 маманға Құрмет грамотасы, ал 120 қызметкерге Алғыс хат табысталды.

«Ең алдымен су шаруашылығы саласының қызметкерлері мен ардагерлерін Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстанның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы табандылықтарыңыз бен адал еңбектеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Біз әрқайсыңыздың еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында су саласы мамандарының мәртебесін арттыру бағытында маңызды қадамдар жасалды. Атап айтқанда, еңбекақыны арттыру, біліктілікті арттырудың жаңа бағдарламаларын іске қосу, «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға өзгерістер енгізу және жалпы еңбек жағдайларын жақсарту шаралары қолға алынды. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.