Батыс Қазақстан облысында Киров су қоймасының реконструкциясы аяқталуға жақын

Батыс Қазақстан облысында Киров су қоймасының реконструкциясы аяқталуға жақын

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында 58 жылдан кейін алғаш рет қолға алынған Киров су қоймасын күрделі реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын.

Жоба аясында ұзындығы 8 шақырымнан асатын «Көшім» каналы, ұзындығы 3 шақырымнан асатын су қоймасының бөгеті, сондай-ақ Первомай, Бударин және Киров-Чижин каналдары жөнделіп жатыр. Бұдан бөлек, ұзындығы 2,2 шақырымнан асатын екі электр желісі мен 3,77 шақырымдық сыртқы жарықтандыру жүйесі салынып, бейнебақылау, автоматтандырылған ескерту жүйелері мен бақылау-өткізу пункттері орнатылуда.

«Жоба жүзеге асқан соң Киров су қоймасының беріктігі артып, тұтынушыларға суармалы су үздіксіз беріледі. Реконструкция нысанның сыйымдылығын ұлғайтып, оның функционалдық мүмкіндіктерін жақсартады. Нәтижесінде Батыс Қазақстан облысының 12 мың гектардан астам егістік алқаптары сумен қамтамасыз етіледі», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Киров су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген, жалпы сыйымдылығы – 62,9 млн текше метр. Бұл нысан – Орал-Көшім суару және суландыру жүйесінің маңызды бөлігі.