
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына Су ресурстары және ирригация министрлігінің орталық аппарат қызметкерлері белсене атсалысты. Сенбілікке шыққан 200-ден астам маман тазалық жұмыстарына қатысты.
Еске салайық, өткен аптада министрлікке қарасты «Қазсушар» РМК, бассейн инспекциялары, гидрогеологиялық-мелиорациялық қызметтер мен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының 4 мыңнан астам қызметкері республикалық «Мөлдір бұлақ» сенбілігі аясында су айдындарының жағалауын тазалау жұмыстарына қатысқан болатын. Нәтижесінде еліміз бойынша шамамен 300 тонна қоқыс жиналды.
«Бүгін министрліктің 200-ге жуық қызметкерлері сенбілікке шықты. Табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шара тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай бастамалар қоршаған ортаны қорғауға үлес қосып қана қоймай, қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыруға да ықпал етеді», - деді СРИМ Су саясаты департаментінің сарапшысы Ақтоты Үмітқали.