Астанада Ислам даму банкі бес күндік семинар өткізіп жатыр. Семинарда сатып алу, қаржыны басқару, адалдық пен этика мәселелері қозғалуда. Бұл іс-шараны Ислам даму банкінің Аймақтық хабы ұйымдастырып отыр. Мақсат – халықаралық қаржы институты қаржыландыратын жобаларды іске асыру тиімділігін арттыру, сондай-ақ сатып алу мен келісімшарттар рәсімдеріндегі ашықтық пен сенімді нығайту.
Банк қолдауымен Қазақстанда «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы іске асырылып жатқанын еске сала кетейік. Жобаның бірінші кезеңінде үш жаңа су қоймасы салынып, екі су қоймасы мен 156 канал реконструкциядан өтеді. Бұл жұмыстар Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында және Астанада жүргізіледі.
Семинарға қатысушылар банк ұсынған жаңа сатып алу ережелерімен, кеңесшілер мен мердігерлерді іріктеу рәсімдерімен, келісімшарттарды басқару және шағымдарды қарау тетіктерімен танысады. Сонымен қатар адалдықты сақтау, алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мәлімет берушілер мен куәгерлерді қорғау саясатына да ерекше назар аударылады.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, орындаушы агенттіктердің, тендер өткізуге жауапты комитеттердің өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда жұмыс істейтін кеңесшілер мен мердігерлер қатысып жатыр. 22 тамызда, семинардың соңғы күнінде, жекеменшік секторға арналған арнайы сессия өтеді. Онда бизнес қауымдастық ИДБ-нің тендерлеріне қатысу мүмкіндіктері мен ашықтық пен этика стандарттарын қамтамасыз ету талаптарымен танысады.
«Семинарға 40-тан астам адам қатысып жатыр. Оның ішінде Су ресурстары және ирригация министрлігі мен басқа да уәкілетті орган өкілдері бар. Соңғы күні мердігер компанияларға арналған арнайы семинар өтеді. Бірлескен жобалар Ислам даму банкінің ережелері бойынша қаржыландырылады және барлық рәсім ұйымның регламентіне сай болуы керек. Бұл семинар Қазақстанның ИДБ-мен бірлескен жобаларын сапалы іске асыруына ықпал ету мақсатында өткізіліп отыр», – деді «SK Water Solutions» ЖШС комплаенс-офицері Айдын Саттаров.