Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының ғылыми-зерттеу орталығы директоры Динара Зиганшина Қазақстандағы су шаруашылығы саласын трансформациялау бағытындағы Су ресурстары және ирригация министрлігінің жұмысын жоғары бағалады. Сарапшының пікірінше, ведомство болашақта саланың дамуына негіз болатын маңызды жүйелі өзгерістердің іргетасын қалады.
«Министрліктің құрылуы судың Қазақстан үшін басым маңызға ие екенін көрсетеді. Қазірдің өзінде ауқымды өзгерістер байқалып отыр. Бұл – гидротехникалық құрылысжайларды жаңғырту бағдарламасы, су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру, цифрлық мониторинг пен есепке алуды енгізу, кадрлардың біліктілігін арттыру мен су саласы қызметкерлерін материалдық ынталандыру бойынша кең көлемді бағдарлама. Сондай-ақ трансшекаралық су қатынастарының дамуы да оң бағытта жүріп жатыр. Бұл – ұзақ мерзімді үдеріс, дегенмен болашақ дамуға негіз болатын маңызды жүйелі өзгерістердің іргетасы қазірдің өзінде қаланды», – деді МСШҮК ғылыми-зерттеу орталығының директоры Динара Зиганшина.
Сарапшының айтуынша, министрлік енгізіп жатқан өзгерістер су саласының барлық даму бағытын қамтып отыр.
«Жүйелі және кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұған дәлел болатын мысалдар да жеткілікті. Соның ішінде экологиялық бағытты күшейткен жаңа Су кодексінің қабылдануы, одан кейін қабылданған әдістемелік ұсыныстар – соның айғағы. Меніңше, министрлік бұл бағытта үйлестіруші ретінде маңызды рөл атқарып отыр. Жалпы өзгерістер барлық бағытта жүріп жатыр. Ең маңыздысы – қабылданып жатқан шешімдер жүйелі әрі кешенді, және олардың алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде көріне бастады», – деп атап өтті сарапшы.