Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан бері судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес күшейді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде анықталған құқықбұзушылықтар саны шамамен 9 есеге өскен.
2023 жылы бассейн инспекциялары су заңнамасының талаптарын сақтау бойынша 105 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 208 заңбұзушылық анықталды. Оларды жою үшін 81 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 21,4 млн теңгеге 149 әкімшілік айыппұл салынды.
2024 жылы бассейн инспекциялары 439 тексеріс жүргізіп, 1 855 заңбұзушылық анықтады, олар бойынша 429 ұйғарым берілді. Тексерістердің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 48,4 млн теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынды.
Ал 2025 жылдың басынан бері 82 тексеріс жүргізіліп, 141 заңбұзушылық тіркелді. Олар бойынша 69 ұйғарым беріліп, жалпы сомасы 24 млн теңгеге 254 айыппұл салынды.
«Былтыр министрліктің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитеті құрылды. Оның негізгі міндеті – суды заңсыз пайдалану мен су есебін бұрмалауға қарсы күрес жүргізу, сондай-ақ су нысандарындағы заңсыз әрекеттердің жолын кесу. Жүктелген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету үшін қызметкерлер санын арттыру, аумақтық бөлімшелер желісін кеңейту және бассейн инспекцияларын техникалық жағынан жабдықтау бойынша шаралар қабылданды. Бұдан бөлек, инспекцияларға бақылау жүргізу құзыреті берілді, соған сәйкес олар жедел әрекет ету шараларын қолдана алады», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Судың «көлеңкелі нарығымен» күресу үшін министрлік қабылдаған шаралардың ішінде су саласындағы заңбұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату да қарастырылған. Оған қоса, биыл 10 маусымнан бастап суару суын пайдалану ережелері күшіне енді. Бұл ережелерге сәйкес, келісімшартсыз су тұтынғаны және дақыл түрін су жеткізушімен келіспей өзгерткені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Биыл бассейн инспекциялары 1 861 шаруашылық субъектісін қамтыған 125 түсіндіру іс-шарасын өткізді. Соның нәтижесінде су пайдаланушылар арнайы рұқсат құжаттарын белсенді түрде рәсімдей бастады. Осылайша жыл басынан бері 445 рұқсат құжаты берілді.