Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Орталық Азия елдері трансшекаралық суды бөлу мен Арал теңізін сақтау мәселесін талқылады

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында Орталық Азия елдері трансшекаралық суды бөлу мен Арал теңізін сақтау мәселесін талқылады

Қазақстанда Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының (МСШҮК) 90-шы отырысы өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстан Энергетика және су ресурстары министрінің бірінші орынбасары Джамшед Шоимзода, Түрікменстан Су шаруашылығы мемлекеттік комитетінің төрағасы Дурды Генджиев, Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, сондай-ақ бақылаушы ретінде Қазақстандағы Қырғызстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Дюшекеев қатысты.

Тараптар биылғы вегетациялық кезеңде Әмудария және Сырдария өзендері бассейндеріндегі су қоймаларының лимиттері мен жұмыс режимін талқылады. Сондай-ақ мемлекет басшылары – Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшылары белгілеген міндеттерді жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да сөз болды. Былтыр ұйымға төрағалық ету құқығы Қазақстан Республикасына өткенін еске сала кетейік.

Сондай-ақ Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған пікірталас өтті. Оған Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) және Швейцарияның даму және ынтымақтастық агенттігі (SDC) сияқты халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.

«МСШҮК өңір үшін өзекті су мәселелерін талқылайтын маңызды алаңға айналды. Соңғы екі жылда Қазақстанның Орталық Азия елдерімен су ресурстарын басқару саласындағы өзара іс-қимылы айтарлықтай күшейді. Су дипломатиясы жалпы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады, сондықтан біз өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтып, өңір алдында тұрған сын-қатерлерге бірге қарсы тұруға ниеттіміз. Соңғы жылдары атқарылған жұмыстар бұл бағыттың дұрыстығын көрсетіп отыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 91-ші отырысы биыл күзде Түрікменстанда өтеді.