«Биыл 30 гектар егін ектік. Оның 10 гектары қант қызылшасы, 20 гектары бақша дақылдары. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанына 2 жыл болды. Осы уақыт аралығында су тұрақты келіп тұр. Егістікті уақытылы суарып жатырмыз. Су тапшылығы болып жатқан жоқ. Министрлік пен «Қазсушарға» алғысымыз шексіз», - деді Жамбыл облысы Талас ауданының диқаны Бағлан Демешов.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында жалпы су алу көлемі 588,6 млн текше метр, ал суарылған егістік алқаптардың көлемі - 66,6 мың гектар. «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалы шаруалармен су беру бойынша 3 872 келісімшарт жасасқан. Вегетация кезеңіне дайындық кезінде филиал 28,8 шақырым каналда механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді.