Халықаралық келіссөздер, суды кезекпен беру және қосымша сорғылар орнату: Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару кезеңінің барысы туралы есеп берді

Халықаралық келіссөздер, суды кезекпен беру және қосымша сорғылар орнату: Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару кезеңінің барысы туралы есеп берді

    Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Премьер-министр Олжас Бектеновке еліміздің оңтүстігіндегі вегетация кезеңінің барысы туралы есеп берді.

     Бүгінгі таңда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарының су қоймаларында 17,3 млрд текше метр су жиналды. Оңтүстік өңірлердегі жалпы су алу көлемі – 7,9 млрд текше метр, вегетация кезеңінің соңына дейін тағы 2,2 млрд текше метр су алу жоспарланған.

     Су алу көлемі өңірлер бойынша мынадай: Алматы облысында – 631,4 млн текше метр, Жетісу облысында – 719,6 млн текше метр, Жамбыл облысында – 761,7 млн текше метр, Қызылорда облысында – 2,766 млрд текше метр Түркістан облысында – 3,011 млрд текше метр.

    Алматы және Жетісу облыстарында вегетация кезеңі тұрақты өтіп жатыр, қазіргі уақытта аграрлық секторды сумен қамтамасыз етуде елеулі қауіптер тіркелмеген.

    Қабылданған шаралардың, соның ішінде кезекпен суаруды ұйымдастыру, мониторингтік топтардың үйлесімді жұмысы және Алматы облысындағы каналдарға жүргізілген жөндеу жұмыстарының арқасында ауыл шаруашылығы алқаптары сумен тұрақты қамтамасыз етілді. Өңірге туындайтын мәселелерді жедел шешу және бақылау мақсатында «Қазсушар» РМК бас директорының орынбасары іссапармен аттанған болатын.

    Жамбыл облысында вегетация кезеңі жоспарлы түрде өтіп жатыр. Шу өзенінде судың аз болуына байланысты Георгиев магистральдық каналы арқылы су беруде ауытқу байқалады. Осыған байланысты Қордай ауданында қосымша су тарту үшін насос станциясы қосылып, Қақпатас су қоймасынан су жіберілді.

    Жамбыл облысының бірқатар ауылдық округтерінде бақша дақылдарын жинау жұмыстары аяқталғандықтан, бау-бақшаларды суаруға деген қажеттілік азайды. Жүгері мен көпжылдық шөптер еккен диқандар екі рет толық көлемде су алды.

    Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына келетін су көлемін арттыру мақсатында 28–29 шілде күндері Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация Қырғызстан және Өзбекстан үкіметтерімен келіссөздер жүргізді. Бұл келіссөздер қуаңшылық пен су тапшылығына байланысты алынбай қалған судың берілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

    Келісілген шаралардың толық орындалуы Шардара су қоймасындағы су деңгейін қажетті деңгейде сақтап, Қызылорда мен Түркістан облыстарының диқандарын сумен еш шығынсыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

    «Бекітілген егіс индикаторларын сақтау – су шаруашылығы балансын тұрақты ұстап тұру үшін аса маңызды. Егер жоспарлы көрсеткіштер қатаң сақталған жағдайда, вегетация кезеңі қалыпты режимде өтіп, тіпті Сырдария өзені арқылы келісілген судың толық алынбауына қарамастан, су тапшылығы қаупі туындамас еді. Бұл ауыл шаруашылығы алқаптарын үздіксіз сумен қамтамасыз етуге, экологиялық тұрақтылықты сақтауға және су ресурстарының шамадан тыс жұмсалуынан туындайтын дағдарыстық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берер еді»,
– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

    Жетісай ауданындағы диқандарға «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы судың жеткізілуін жақсарту мақсатында Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» РМК филиалы «Машиналық әдіспен су көтеру каналы» жұмысын жүргізді.

    Оңтүстік Қазақстандағы су ресурстарының шектеулі жағдайында министрлік тұрақты мониторинг пен түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы жұмыс топтарын құрды. Каналдар арқылы суды кезекпен беру тәсілі қолданылып жатыр. Мысалы, Қызылорда облысында бес магистральдық және үш шаруашылықаралық каналда кезекпен су беріледі. Қазіргі уақытта өңірдегі егістік алқаптарының 98%-ы осы тәсілмен суарылып жатыр.

    Келіп жатқан суды тиімді пайдалану үшін өңірде 324 насос қондырғысы жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» РМК филиалы қосымша 53 насос жеткізу бойынша келісімшарттар жасасты.